Мешіт қызметкерлері мен намаз оқуға келген жамағат міндетті түрде бетперде киюі тиіс
Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы дін істері басқармасының басшысы Мақсатбек Маханбетов айтты.
Бүгінгі күні еліміздің барлық аумақтарында эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда, оның ішінде Маңғыстау облысында да карантин тәртіптері ерекше бақылауға алынған. Өңірде 25-мамырдан бастап карантиндік шаралар жеңілдетіліп, құлшылық ету орындары бар діни бірлестіктер өз жұмыстарын бастаған еді.
Осы уақыттан бастап құлшылық ету орындарға бірқатар талаптар қойылып, тек жекелеген түрде намаз оқуға рұқсат етілген. Мешіттерде жамағат болып (бес уақыт намаз, жұма намазы) намаз оқуға тыйым салынған болатын.
Енді осы қойылған талаптарды кезең-кезеңмен жеңілдету мақсатында санитарлық талаптарды сақтай отырып, мешіттерде бес уақыт намаз оқуға осы жылдың 6-маусымнан бастап рұқсат берілді. (жұма намаз оқылмайды)
Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасымен барлық мешіттерде атқарылатын іс-шаралар тәртібі төмендегідей болып бекітілді.
Мешіт қызметкерлері әр кісінің құлшылық жасау орнын 1,5 метрге сай етіп белгілеп қою;
Мешітке келуші жамағаттың парыз, сүннет және жекелеген намаздарын оқу ара қашықтығы 1,5 метр болуы міндетті;
Мешітте уағыз айтылмау;
Парыз намаздарында қысқа сүрелер оқу немесе қысқа аят оқу;
Намаз оқып болған соң, мешіттен бірден шығып кету;
Мешітке келген азаматтар ұзақ уақыт мешітте болмауы тиіс. Мешітте болу уақыт ұзақтығы – 15 минут;
Мешітте қол алыспау;
ҚР Санитарлық Бас дәрігерінің 22.05.2020 жылғы №37 Қаулы талаптарын орындау;
Мешіттерді жергілікті карантин талаптарына сәйкес, мешіттердің сыйымдылығын 30% асырмау;
Мешіттің іші-сыртына әр 10 метр сайын қолға арналған антисептик құралдарын қою;
Мешіттерде ауа алмасу жүйесі жақсы жүру үшін барлық есіктерді ашып қою;
Әр 3 сағат сайын намаз оқитын залдарға залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу;
-«Мешіт қызметкерлері мен намаз оқуға келген жамағат міндетті түрде бетперде киюі тиіс. Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар /ер және әйел/ және жас балалар намаздарын өз үйлерінде оқығандары абзал; Мешіт дәретханаларының карантин уақыты аяқталғанға дейін жабық болуына орай, намазға келуші жамағат үйден дәрет алып келулері тиіс; Мешітке әркім өз жайнамазымен келгендері жөн», - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Елжанов.
Пікір қалдыру