Алматыда эпидемиологиялық зерттеу жүргізу үшін "Көк базардың" қызметі тоқтатылды

/image/2020/06/14/crop-33_19_1081x1442__mg_18241.jpg

Алматының бас санитар дәрігері жеке профилактика шараларын сақтап, адамдар көп жиналатын орындарға барудан аулақ болуға шақырады.

Алматы қаласының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Көк базар аумағындағы «Компания Достар-Коммерц» базары қызметкерлерінің арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғаларының тіркелуіне байланысты тиісті шаралар мен эпидемиологиялық зерттеу жүргізу үшін Көк базардың қызметі тоқтатылғаны туралы хабарлады.

Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин кәсіпкерлік субъектілерінің карантин режимін сақтауын бақылау мақсатында құрамында Полиция департаментінің, ТҚСҚБД аудандық басқармаларының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері бар әкімдіктің мониторингтік топтары жұмыс істейтінін атап өтті.

Осыған дейін мониторингтік топтардың тексеруі барысында Көк базар аумағында жұмысшылар мен сатушылар үшін байланыссыз термометрияның сақталмауы, әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы және келушілер арасында қашықтық сақтау үшін арнайы белгілердің белгіленбеуі, жеке қорғаныс құралдарын тиіссіз қолдану және утилизациялау, тиісті жұмыс режимінің орындалмауы сынды тәртіпбұзушылықтар анықталды.

Анықталған тәртіпбұзушылықтарға байланысты ҚР ӘҚтК 425-бабының 2-тармағына сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, Медеу ауданының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2020 жылдың 13 маусымынан бастап «Компания Достар-Коммерц» қызметін сот шешімі шыққанға дейін тоқтату туралы қаулысы шықты. Қазіргі уақытта әкімшілік істің материалдары Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына беруге әзірлену үстінде.

Базардың әкімшілігінен коронавирус инфекциясын жұқтырудың бірінші оқиғасын зерттеу барысында тағы 19 жағдай анықталды, ол да Әкімшілік қатарынан шыққан. Осылайша, Көк базарда індетті жұқтырған қызметкер саны 20-ға жеткен. Сатушылар арасынан жұқтыру оқиғалары анықталмады. Қайтыс болған адам (Базар әкімшілігінің ұйымдастыру бөлімінің қызметкері) өлімінің себептерін қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жанындағы өлім себептерін зерттейтін Комиссия анықтайтын болады.

Сонымен бірге, коронавирус инфекциясын ауру белгілерісіз таратушылардың анықталуына байланысты «Рахат» кондитерлік фабрикасының да жұмысы тоқтатылды. Алғашында 8 адам жоғары температура анықталуына байланысты жұмысқа жіберілмеді. Сонымен бірге 1450 қызметкерге тест жүргізілген. Осыған байланысты ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігер қаулысындағы талаптарға сәйкес қызметкерлер үй карантиніне босатылды. Фабрика әкімшілігі өздерінің шешімімен жұмысты 15 маусымға дейін тоқтатқан. ТҚСҚБД аудандық басқармаларына эпидемияға қарсы шаралар толығымен аяқталғанша фабрика жұмысын тоқтату туралы қаулы берілді.

– Көріп отырғандарыңыздай, сіздердің тараптарыңыздан қауіпсіздік шараларының қамтамасыз етілмеуі – персонал мен келушілер термометриясы, әлеуметтік қашықтықтың сақталуын қамтамасыз ету, санитайзерлер мен дезинфекциялық құралдар қорының болуы – сіздердің ұйымдарыңыздағы қызметкерлер арасында аурудың тарауына және нысанның жұмысын тоқтатуға алып келді. Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік режим шараларын қатаң түрде сақтауларыңызды талап етемін. Маска тағу режимін сақтап, жеке қорғаныс құралдарын (маскалар, қолғаптар) ауыстырып тұру өте маңызды, – деді кәсіпкерлерге қарата айтқан сөзінде Ж. Бекшин.

Өз кезегінде, азаматтарға әлі де адамдар көп жиналатын орындарға баратын орындардан аулақ болу және үй карантинінде болған кезде жеке оқшаулану қағидасын қатаң ұстану кеңесі берілді.

– Қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы сіздер өздеріңіздің жақындарыңыздың денсаулығын сақтайсыздар, – деп атап өтті Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар