Еңбекпен келген нан тәтті

/image/2020/06/24/crop-12_13_697x929_img-20200622-wa0040.jpg

Маңғыстау облысындағы Қарақия ауданынан 30 шақырым жердегі Қызылқұм мүйісінде егіншілікпен айналысып жатқан  жеке кәсіпкерлердің егін алқабына жолым түсіп,  олардың жұмысымен жете танысу үшін арнайы барып,  танысып қайтқан болатынбыз. Бүгінде  Қызылқұм мүйісінде  егіншілікпен айналысатын  біраз кәсіпкерлер бар. Жыл сайын егін егіп, жемісін жеп, өз пайдаларына жаратудың өзі бір ғанибет! Осындай пайдалы іспен шұғылданып отырғандардың бірі Ибадуллаев Жақсылық басқаратын "Рысбек"  шаруа қожалығы.  Ол кісі өз ісіне адал берілген еңбекқор жан. Оның айтуынша  жеке кәсіпкерлік шаруашылығымен 2005 жылдан бері айналысып келеді екен. Бүгінде  Жақсылық Ибадуллаев  8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жалпы 32 гектар жері бар көрінеді. Жақсылық аға  биыл 5 гектар жерге көкөніс, 2 гектар жерге жүзім еккен. 4 гектар жерде жеміс ағашы егілген. Кәсіпкер биыл 3 тонна өрік, 10 тонна жүзім, 5 тонна алма, 10 тонна - қияр өндіруді жоспарлауда екен. Бүгінде Ибадуллаев Жақсылық өз шаруашылығында жаңа технологияларды тиімді пайдаланып келеді. «Терін төксе жеріне, жер тілеуін береді» дегендей, еңбектің түбі әрқашан береке болатынын кәсіпкер дәлелдегендей!

brtg5t

Жылда тынымсыз жұмыс жасап өндірген өнімдеріміз еңбегіңмізді өз дәрежесінде ақтап келеді. Соның нәтижесінде Ақтаудағы «Асарс»  көтерме сауда орталығы мен ауыл дүкендеріне 100 тоннаға жуық көкөніс өнімдерін тапсырамыз,-дейді "Рысбек"  шаруа қожалығының басшысы Жақсылық Ибадуллаев. Жеке шаруашылықта кейбір қиыншылықтар да кездесетінін жасырмаған  диқаншы, адал еңбектің наны тәтті болғанымен, еңбегі де ауыр,- деп осы жолды таңдағанына өкінбейтіндігін жеткізді.

i0o[

Жанымда  кәсібіме қол ұшын беріп жүрген ұлдарым да өзіме тартқан.Жас болса да  шаруашылықты жаны сүйеді.Балдарымды нағыз еңбек адамы дей аламын.

- Бір қиыны, шаруашылықтың қым-қуыт жұмыстарымен айналысуға жергілікті тұрғындар аса ынталылық таныта бермейді.Сондықтан шет елдің жұмыс іздеп келген азаматтарының көмегін пайдаланамыз.Оларда да үш-төрт ай уақытша ғана жұмыс жасайды.  Мерзімдері аяқталған соң кетеді. Бұл жұмыс нағыз еңбекті талап ететін жұмыс. Сондықтан менің егін алқабымда  еңбекқор азаматтар азаматтар ғана жұмыс жасайды ,-дейді ол. Жақсылық аға егін шаруашылығымен қоса, мал шаруашылығымен де айналысады екен. Ол қазір 35 шақты ірі қара   өсіруде екен.

-Төрт түліктің ішіндегі ең момыны, берекелісі – сиыр малы. Жегенін екі есе молынан қайтаратын жарықтықтың пайдасы көп екенін жасырмаймын.  Сондықтан бүгінгі таңда сүт өндіруді мықтап қолға алдым. Сиыр сүтін күнделікті тұрмыста жиі тұтынамыз ғой. Одан май, ірімшік, құрт сынды өнімдер қолданып отырмыз. Бүгінде  35 бас жергілікті сиырым бар. Солай жылдан-жылға көбейе берді дегенге үмітім зор. Сауын сиырларымның саны 5-еу. Олардың әрқайсысы күніне 4-5  литрден сүт береді,-дейді  кәсіркер.

 Иә, сиырдың еті, сүті және терісі басқа да өнімдері күнделікті тұрмысымызда қажет етеді.Сондықтан «Сиыр - бір үйдің асыраушысы»,- деген сөз бекер айтылмаса керек. Әрине, «Еңбек етсең ерінбей,  тояды қарның тіленбей» дегендей, маңдай терімен, білектің күшімен еңбек етіп жүрген кәсіпкерлерге жағдай жасалып жатса ғанибет емес пе?! Бүгінде еңбек етіп, тер төкпесең күн көрістің қиын екені өздеріңізге мәлім. Сондықтан еккен жемісіңнің  рахатын көрген ғажап әрі тәтті.

  Жақсылық ағамызға еңбегіңіздің жемісін көріңіз, жеріңіз де кеңейсін, көкөністер  көбейсін деп тілек білдіреміз.

Фариза Хайдарова

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар