Алматы облысы жастар саясаты басқармасы жанынан Алматы облысы еріктілерінің «Birgemiz Jetisy» атты фронт-кеңсесі ашылды, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кеңсенің ресми ашылу рәсіміне «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, волейболдан Қазақстан жастар құрамасының капитаны, жас волонтер Серік Есматов, облыстың волонтер-демеушілері, сондай-ақ құрметті азаматтары қатысты.
Шара аясында өңірде еріктілердің жұмысын дамытуға бағытталған ұсыныс-пікірлерді жинақтау, ортаға салу мақсатында басқосу өтті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, фронт-кеңсе облыс волонтерларының басын қосып қана қоймай, ізгі істер бастау алатын орынға айналмақ.
Айта кетейік, 12 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен Республикалық волонтерлер штабының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына «Таза әлем» және «Білім» бағыттары бойынша белсенді жұмыс істеуді тапсырған болатын.
Осыған қарай, өңір еріктілері жұмысты бастап та кетті. Сонымен қатар, шара аясында қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, Талдықорған қаласындағы көпбалалы және аз қамтылған 20 отбасыға көмек көрсетілді. Оның 14-і жалғызбасты және көпбалалы аналар, сондай-ақ аз қамтылған отбасылар. «Birgemiz» маршруты демеушілер мен еріктілер дайындаған арнайы сыйлықтарды (азық-түлік, киім-кешек, ақшалай) отбасылардың үйлеріне барып, табыстады.
Пікір қалдыру