11 тамызда Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмовтың төрағалығымен аумағында инертті құрылыс материалдары сатылатын үлкен габаритті автокөлік тұрағының заңсыз қызметі мәселесі бойынша жиын өтті. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.
Стихиялық автотұрақ №9 өндіріс базасының аймағында, Шығыс тұрғын үй массиві мен Мұнайлы ауданының Басқұдық селолық округінің арасындағы автокөлік жолында орналасқан.
- Барлықтарың өндіріс базаларына жер сұрадыңдар, ал нәтижесінде құрылыс материалдарының заңсыз сауда-саттығымен айналысып жатырсыңдар. Жақын жерде тұрғын үйлер тұрғызылуда, адамдар шаң мен шу арасында өмір сүріп жатыр. Күн сайын маңайда орналасқан үйлердің тұрғындарынан шағымдар түсуде. Кәсіпкерлердің өз қаласының патриотына айналатын уақыт келіп жетті ғой, жеке аумақтарыңды ретке келтіріңдер, - деді Серікбай Трұмов.
Жиын қорытындысы бойынша Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне Ақтау қаласының жол полициясы басқармасымен бірлесе отырып тамыздың соңына дейін жоғары аталған аймақта көлік қозғалысын реттейтін, үлкен габаритті автокөліктің заңсыз тұрағы мен инертті құрылыс материалдарын сатуға тыйым салатын ескерту белгілерін орнату тапсырылды.
Үлкен габаритті автокөліктің стихиялық тұрағын жою мақсатында жер телімдеріне иелік ететін кәсіпкерлерге тамыздың соңына дейін инертті құрылыс материалдары мен автокөлікті өз аумағынан Мұнайлы ауданындағы арнайы сауда алаңқайына көшіруге ұсыныс жасалды. Талап орындалмаған жағдайда жер телімдерін мақсаты бойынша пайдаланбаған жер телімдерінің иелеріне әкімшілік шаралар қолданылатын болады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдыру