Бас мүфти: Мәйіт шыққан үйге көп адам келмесін

/image/2020/07/03/crop-208_17_1549x2065_75a24a2bd95f17073bd493e94f1b134a.jpg

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жаназа рәсімдерін өткізуге қатысты бірқатар өзгеріс жасауды түсіндірді.

– Абай Құнанбайұлы Семейге келген бір сапарында шаһарда жұқпалы індеттің тарап жатқаны жайында жайсыз хабар естиді.

Бірінші кезекте, Абай халыққа жаназа рәсімдерін өткізуге қатысты бірқатар өзгеріс жасауды түсіндіру керегін ұқты. Міне, осы тұста ол өзі білетін Сармолла есімді молданы шақырып, оған халық жұқпалы аурудан сақтану үшін жаназа, хатым, астарды аз адаммен өткізуді жұртқа түсіндіру керегін жеткізеді.

Сармолла: «Қаза болған адам үйіне, жаназаға халық аз жиналсын. Мәйіт шыққан үйге көп адам келмесін. Ол үйде ас ішу, халыққа тағам тарату, жетісін, қырқын жасау уақытша тоқталсын!» деген сөзін жеткізеді. Біз тарихтан сабақ алған, соған амал еткен елміз, – деді Бас мүфти.

Сонымен қатар карантин талаптарын қатаң сақтап, жиын-тойлар мен садақа астарға мүмкіндігінше бармауға шақырды.

– Қазақ халқы торқалы той мен топырақты өлімде төбе көрсетуді өзінің міндеті санайды. Тойда тілек айту немесе кісі қайтқанда оған бір уыс топырақ салу – салтымызға сіңген ғұрыптың бірі. Алайда адамның ғұмыры – Алланың аманаты. Оған адал болу – адамдық борыш. Немқұрайлы қарау – қауіп пен қатерге апарады. Сондықтан елдегі барша жамағатты осы бір қиын кезеңде барынша сақтануға, жиын-тойлар мен садақа астарға мүмкіндігінше бармауға шақырамын, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар