«Астана медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының доценті Роза Сүлейменова коронавирус жүқтырмас үшін иммунитетті қалай нығайтуға болатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
– Ең бастысы – иммунитетті әлсіретпей, дұрыс тамақтану керек. Ағзаның иммунитеті 30-40 пайыз ақуыздан және 50 пайыз жеміс-жидек пен көкөністен тұрады. Сондықтан жылқы, сиыр етінен, балықтан қайнатылған сорпаны ішкен жөн. Сонымен қатар, сұйықтықты көп ішкен абзал. Күніне 3-5 литрге дейін су, компот және морс ішуге болады. С витамині өте қажет ағзаға, ол алмада, лимонда, қарақатта мол болады6 – дейді маман.
Дәрігердің айтуынша, көтеріңкі көңіл-күй ауырып қалмауға көп септігін тигізеді. Күйзеліске түспеген дұрыс. Ешқашан байбалам салмай, уайымдамай, барынша сабыр сақтап, жақсылықтан үміт ету керек, өйткені иммундық жүйе осыған тікелей байланысты.
– Кеңседе және үйде жұмыс істейтіндер бөлмені жиі желдетіп, сүртіп, тазалап отырғаны жөн. Маска киіп, гигиенаны сақтауды ұмытпаңыз. Сонымен қатар, көпшілікті өз бетіңізше емделмей, әуелі емханадағы учаскелік дәрігермен немесе жедел жәрдемге хабарласып, сондағы мамандармен ақылдасуға шақырамын. Басыңыз ауырып, құрғақ жөтел, ентігу пайда болса, дене қызуы көтеріліп, иіс сезуден айырылсаңыз, әлсіздік пен тершеңдік сезінсеңіз, бірден мамандармен кеңесіп, ем-дом алыңыз, – деп түйіндеді сөзін Роза Сүлейменова.
Пікір қалдыру