23 маусымда мемлекеттік қызметшілер өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Twitter- дегі парақшасында мемлекеттің қызметші жұмысының негізгі қағидаларын атап өтті.
– Мемлекеттік қызметші күнімен құттықтаймын! Елге қызмет ету – мәртебелі міндет. Негізгі қағидасы – өз ісіне адал болып, абырой биігінен көріну. Ең бастысы – халық үніне құлақ асып, ел мүддесі үшін еңбек етеміз. Денсаулық пен табыс тілеймін, – деп жазды Б. Сағынтав.
Еске салсақ, Бақытжан Сағынтаев Алматы әкімі лауазымындағы алғашқы жұмыс күні қала тұрғындарына үндеу жасап, Facebook, Instagram және Twitter-де өзінің парақшаларын ашатындығын хабарлаған болатын.
– Алматы әрқайсымыздың жүрегімізден ерекше орын алған қала, Алматыға деген әр қазақстандықтың ықыласы ерекше. Менің басты мақсатым – Алматының әр тұрғыны берекелі өмір сүретін, қауіпсіз де қолайлы, заманға сай мегаполиске айналдыру. Біз оған тек бірге, тізе қосып еңбек ету арқылы жете аламыз. Сондықтан Сіздердің талап-тілектеріңізді біліп, уақытылы жауап беру мен үшін өте маңызды.
Қаланың проблемалары мен даму стратегиясын Сіздермен бірге ашық талқылағым келеді. Барлығымыздың тағдырымызбен байланысты маңызды шешімдерді әзірлеп, қабылдау кезінде сіздердің қолдауларыңыз мен үшін маңызды. Ақылдаса отырып, бірге жұмыс істейік!, — деген болатын сол кезде қала әкімі.
Пікір қалдыру