Белгілі режиссер, Қазақстан Кинематографистер Одағының төрағасы Ермек Тұрсынов facebook парақшасында "ПРЕЗИДЕНТПЕН КЕЛІСЕТІН МӘСЕЛЕМ ҚАЙСЫ?" деп аталатын жазбалар сериясын жариялауды бастаған. Ол жерде қазақ киноиндустриясы, мәдениет, өнер саларындағы келеңсіздіктер мен қиғаштықтар туралы ойларын айтқан. Жазбаның үшінші бөлімнің толық нұсқасы төменде ұсынылып отыр.
ПРЕЗИДЕНТПЕН КЕЛІСЕТІН МӘСЕЛЕМ ҚАЙСЫ?
ІІІ - бөлім
Басқаша болуы мүмкін бе еді? Қайдам. Онсыз да іс барысы айдан анық болатын. Дәлме-дәл.
Маған әлденені әсірелеу, біреуге жала жабу, оны ғайбаттау, сосын аты-жөнсіз никтің артында жасырынып отыру тіпті де қажет емес. Немесе осы материалдарды әлдебір телеграм-арна секілді «жуынды төгетін шұңқырға» қотара салу да керек емес. Қарсы шығатындардың саны еселеп артатынын біле тұра осылай ашық алаңға шықтым. Себебі, мұндағы айтқанымның бәрі – шындық. Ал шындықты айтудың еш қиындығы жоқ. Мен ешқандай мүдде көздемеймін. Лауазымға ие емеспін, мансапқа ұмтылмаймын, жағдайына алаңдайтындай қарт ата-анам енді жоқ, балаларым мемлекеттік қызметте емес, маған саяси ұпай жинау түкке де керек емес, жасырын да, ашық та бизнесім жоқ, ешқандай партияның да, қаржылық топтың да мүшесі емеспін... Қысқасы, жасыратын да түгім жоқ, жасырынатын да жөнім жоқ. Сондықтан шындықты ашып айтуға толық мүмкіндігім бар.
Бүгінгі айтпағым: «Қазақфильм» президенті Арман Әсенов пен ұлттық киностудияның басқарушы директоры Қанат Төребайға не істеді?
Мәдениет министрімен арамызда жанжал туындаған соң, Ақтоты Рахметоллақызы «Қазақфильмді» «жау» санайтынын ашық айтты. Егер студия – жау болса, онымен бірлесе жұмыс істеу туралы сөз болуы да мүмкін емес. Сол себепті қандай идеяны да министрлік түп-тамырымен жойып отырды, кез келген бастамаға қарсы шыға берді, бұған қоса А.Т.Әсеновті киностудия президенті қызметінен алып тастауға барын салды. Ақырында алдамшы жолмен жақында ол мақсатына жетті де.
9 маусым күні Арман Әсеновті киностудияның басқарушы директоры Қанат Төребаймен бірге тағы да шұғыл елордаға шақыртты. Екеуіне де А.Р.Райымқұлова министрліктің жауапты хатшысы Б.Темірболат пен вице-министр Н.Дәуешовтің көзінше екі арыз жазуды үзілді-кесілді талап еткен. Бірі – жұмыстан шығу туралы, екіншісі – жаңадан тағайындау туралы. Министр киностудияның екі басшысын да Президент әкімшілігімен бәрі келісілгеніне және жұмысқа дереу кірісу қажет екеніне сендірген. Сөйтіп, А.Әсенов пен Қ.Төребай арыздарын жазып, министрдің уәдесіне толық сенген күйі қайта ұшып кеткен.
Арада біраз уақыт өтті. Шілде айы туды. Министрліктен Алматыға әлі ешкім аяқ басқан жоқ. Нәтижесінде киностудия жұмысы тоқтап қалды. Адамдар не жалақысын ала алмай, не демалысқа шыға алмай жүр. Киностудия тіпті коммуналды шығындарды да өтей алмай отыр: суды тоқтатып тастаған, қызметкерлерді үйлеріне жіберген. Ұжымның «енді не болады?» деген сұрағына ешкім жауап бере алар емес. А.Әсенов те, Қ.Төребай да бірнеше рет министрлікке хабарласып, жағдайды түсіндіруін сұраған. Нақты жауап әлі берілген жоқ. Ол ол ма, бұлардың орнына жаңа адамдар тағайындамақ екен деген әзірге нақтыланбаған ақпарат шықты...
Бұған алып-қосар сөзім жоқ. Тек қарапайым этикалық нормалардың шегінен шыққан жағдай екенін ғана айтқым келеді. Мұндай әдістерді ұсақ алаяқтардың тілінде қазір «сан соқтыру» немесе «лақтырып кету» деп атайды. Мұндай іспен жоғарғы мемлекеттік билік өкілінің – Мәдениет министрінің өзі айналысып жүргені ыңғайсыз, әрине. Басқасы – үйреншікті жайт қой...
Осы айтылғандарға қосарым не?
Білесіздер ме, шығармашылық орта қашанда дау-дамайсыз болмайды. Бірақ бұрын, заманның түзу кезінде, ұрыс-керістің өзі басқаша – шығармашылық сипатта еді. Жұрт фильмдерге, идеяларға, жұмыстың түрлі тәсілдеріне, міндет пен стильді түсінудің әр алуандығына орай дауласатын. Айтысатын, ұрсысатын, ренжісетін...
Бүгінде егесіміз өзгеше сипат алды. Оған «іріп-шіріген» деген сипаттама мейлінше дәл келсе керек. Осының бәрінен өз басым, жұмсартып айтқанда, қорланамын. Драматургиядан дәріс берген Ұстазым, ешқашан есімнен шықпас ВалерСеменыч Фрид айтқандай, өзімді үнемі «ылғалды ыңғайсыз халде» жүргендей сезінемін. Үнемі суға шайынғың келіп тұрады... Мұның бәрі – базардағы баж-бұж деңгейіндегі топас тартыстар, түкке тұрғысыз біреулер мені де соған қалайда араластырмақ. Соның бәріне зая кеткен жүйке-ай. Түптеп келгенде, уақыт-ай қор болған. Оны қайтара алмайсың ғой...
Енді ойланып отырмын: осының бәріне менің араласа бергенім жөн бе? Маған мұның не керегі бар? Екінші жағынан, мұндай былықты сырттай бақылап, құр қарап тұруға да болмайды. Жүрек сыздайды. Студия үшін де, жастар үшін де, жалпы іс үшін де. Сосын жад деген бар емес пе? «Ал Шәкен ше, Сұлтан, Мәжит, Абдолла ше?» деп ойланасың... Осы бір ешкімге қажеті жоқ бақытсыз студияда талай тер төккен, өнер тудырған жүздеген, мыңдаған танымал емес, тіпті мүлде белгісіз еңбекқор адамдар ше? Солардың бәрін де ысыра салу керек пе?
Бірақ мен не істей аламын? Ел президенті емеспін ғой. Тіпті, қазір түсінгенім бойынша, президенттің де қолынан бәрі келе бермейтін сияқты. Орындаушы деңгейіндегі кеміргіштер қайдан болсын табылады. Кімді «тықпалау» керек, кімді сүйрелеу керек, әрі қарай қай жолмен жүрген дұрыс – бәрін солар шешеді. Міне, қазір де әрі-сәрі халдеміз. Алдымызда екі-ақ жол тұр. Не кертартпалықтың, ұрлықтың, надандықтың және бейшаралықтың иіріміне осылай бата береміз, не қалайда ұлттық киноны құтқаруға тырысуымыз керек. Бәріміздің ортақ мәдениетіміздің ажырамас бөлігі – осы кино.
Мен үшін бір нәрсе анық: қазір бұл – баяғы мен дүниеге келген, мен ер жеткен ел емес. Мен шексіз сүйетін ел емес. Маған бәрін берген ел емес. Бұл – енді қалайда басқа кеңістік. Тіпті мұның не екенін анықтап айту да қиын. Бұл – әлем картасындағы әлдебір географиялық нүкте. Ісі бұлыңғыр, сөзі тайғанақ арсыздар мен жылпостардың ғана өмір сүруіне қолайлы түсініксіз бір аймақ. Биік мінберлерден әдемі мәлімдемелер айтылып жатады, кейде соларға сенгің де келеді. Бірақ...
Бірақ сену үшін де бір негіз керек қой. Егер мұнда мәдениеттің жұрнағы да қалмаса, қайдан негіз болсын. Ешқандай негіз жоқ. Осы маңызды міндетті орындау сеніп тапсырылған адамдар сол ісін дұрыстап атқармады. Олардың атқара алуы да мүмкін емес-ті. Олар тырысып та әуре болған жоқ...
Қайбір жылғы Жаңаөзен, кешегі Қордай, Арыс, Қарағанды, Маловодное дегендер, майданның алғы шебінен жеткен ақпардай сезілетін біздегі жаңалықтардың күнделікті легі – осының бәрі елдегі мәдениет саясатының орашолақ жүргізілуінің салдары деп ойлаймын.
Қайталап айтайын: сіздің мәдениет деп жүргеніңіз – мәдениет емес. Маңдайшаларды ағылшынша жазу өркениетке жеттік дегенді білдірмейді. Өмір сүрудің жаңа стилі санала бастаған өзгерістер, көшелерде өріп жүрген шетелдік машиналар, сырттан әкеп үстімізге жапсырып алған киіміміз, жастарымыздың санасын улап жатқан сәнді-міс әндер, жат үлгілердің қораш көшірмесі ғана екені айдан анық әуенсымақтар... және осылармен қатар – жасөспірімдер арасындағы суицидтен көш бастап тұрғанымыз, дендеген жемқорлық, кредит инесіне тәуелді боп үлгерген халық, жаппай тәртіпсіздік...
Себебі – мәдениет саласындағы мемлекет саясатының стратегиясы жоқ. Қоғам таптар мен әлеуметтік топтарға, касталар мен статустарға бөлініп, бөлшектеніп кетті. Оларды не біріктіре алады? Тек мәдениет қана. Мұнымен кім айналысуы керек? Ақылға салсақ – мәдениет қайраткерлері. Олар қоғамның моральдық, тіпті психикалық тұрғыдан да сау болуына жауапты. Қазір адамның ішкі эмоциялық вакуумы не болса сонымен толтырылуда. Кісі өзін ортақ дүниенің бөлшегімін деп сезінбейді. Сол себепті де ол озбыр, менмен, кекшіл болып бара жатыр. Өзгенің өмірі түгіл, ол өз тіршілігіне де ой жүгіртпейді. Оған заң жоқ. Сондықтан да – суицид көп. Сондықтан да – атыс-шабыс көп. Сондықтан да – шетке кету көп. Сондықтан да – жемқорлық пен ұрлық көп. Осы бір өзін жапандағы жалғыздай сезінетін жаны жаралы сорлыны өз вакуумында оңаша қалдырмау керек. Оны эмоцияға толы қолайлы ортаға енгізген абзал.
Ал мәдениетті қазір неменеге айналдырып жіберді? Өнер мен әдебиетті ше? Сауық-сайранға айналдырды. Сауық-сайранды сұрқай сұрықсыздықпен «будандастырып» еді, ақырында одан ыржың-тыржың туды. Бірақ бұл – бостекі күлкі, құр ыржақай. Еш мәні жоқ. Ал бостекі күлкіден соң қашанда адамның іші босап, құр кеуек боп қалады, күйзеліске түседі. Ал табиғатта бос тұратын жер болмайды. Адам табиғаты да солай. Бос жерге ластық, өрескел оспадарлық үйір келеді.
...Мұның бәрі осы елдегі мәдениет пен идеологияға жауап беретін жауапты адамдардың үнсіз келісімінің арқасында болды және болып та жатыр. Біздің идеологтар мәдениет туралы, имидж қалыптастыру туралы айтса, тек бір-ақ нәрсені – елдің шынайы мазмұнды бейнесін емес, жарнамалық келбетін жасауды ғана ойлап отырғаны. Мейлі, мұндай пікіріммен азшылықта болайын, тіпті жалғыз қалайын – бірақ мен шынында да осылай ойлаймын.
Барым осы.
Енді не болады?
Мен кімге жүгінерімді де білмеймін. Осы елдің мәдениетіне жауап беретін адамның бәрімен сөйлесіп шықтым. Ештеңе өзгермейтініне де көзім жетті. Қалғаны тек Алла ғана, бірақ зарым оған да жетпей қала ма деп қорқамын.
Менің жадымда қалған ел мен сол елде нағыз мәдениетті қалыптастырған адамдардың – бәрінің дерлік бұ дүниеде жоқ екенін мойындамасқа лажым жоқ. Олардың орнына басқалар – айғай-шуы көп, өзімшіл, айлакер, білімі шамалы, бірақ арсыз, озбыр және өзіне тым сенімді біреулер келді. Олардың «мәдени жасағына» сырттай қарап тұрсаң, сайқымазағы бар, сауыққойы бар, баукеспе ұры-қарысы бар, шынжырланған аюы бар сыған тобырын көргендей боласың. Оларды көрген сайын, өткенді қатты сағынамын. Сол дәуірді немесе заманды емес, жоқ, сол уақытта өмір сүрген тұлғаларды аңсаймын. Бірақ уақытты кері айналдыра алмаймын, өйткені, ол – өткен шақ. Өзім сол шаққа қайтып бара алмаймын, ең өкініштісі – ол жақтан өзім білетін аяулы жандарды бері қайтара да алмаймын. Тіпті бір бөлігін болса да – Жантөринді, Ноғайбаевты, Бөкееваны, Тоқпановты, Сұлтанбаевты... Тілендиевті, Бағланованы, Жұбановты... Симашконы, Бөкейді, Әбдірашевті, Кекілбаевты, Мұхамеджановты, Санбаевты, Бельгерді... Санап тауыса алмаспын, сірә?!
Кезінде мен осында тұратын адамдардың елімізді нағыз лайықты державаға айналдыруға ниеті де, қабілеті де жоқтығына ренжіп, АҚШ-қа кетіп қалған едім. Кейін жаңа Қазақстан жасамақ болған марқұм досым Алтынбек (А.Сәрсенбаев – бұрынғы мәдениет министрі) қолқалап қоймаған соң, елге қайта оралдым. Келе сала жұмысқа белсене кірістім: фильм түсірдім, кітап жаздым, публицистикамен айналыстым, елді араладым, дәріс оқыдым, адамдарға көмектестім...
Енді айналама қараймын да, «қайта оралғаным жөн болды ма осы?» деген ойға берілемін. Талпыныстарыма татыды ма? Жаңа Қазақстан түгіл, бұрынғы Қазақстан сипатынан да айрылып біткен қазіргі қалпымызға қарап отырғанда, бұл ойлар қабырғамды қайыстырады. Кезінде жағдай мені елден ығыстырып шығарды, бірақ мен оған көндіге алдым. Ал қазір Отаным біртіндеп менен алшақтап бара жатқанда, кесек-кесегімен менен бөлініп бара жатқанда, жүрегім айниды. Қапаланамын. Үрейленемін. Келешекке алаңдаймын. Мұндай сәттерде өмірімізге бей-жай қарай алмайтын кімдердің бар екенін ойша тізе жөнелемін. Шындыққа сенетін және ол үшін күресе алатындарды есептей бастаймын.
Өкініштісі, олар аз қалды. Өте аз…
Тағы оқыңыз!
♦ "Жалақысы – айына 6 млн 300 мың теңге". Ермек Тұрсынов кинематографистер "дауын" түсіндірді
♦ Тұрсыновқа жауап: 2 млрд теңге алып, ел аузында жүретін фильм түсіре алмағаныңызға не айтасыз?"
♦ Ермек Тұрсынов: Мәдениетке ақша жеткілікті бөлініп келіпті
Пікір қалдыру