Коронавирусқа байланысты әлем елдерінің статистистикасын жариялап отыратын worldometers.info сайтының 10 шілдедегі дерегінше, дүниежүзінде COVID-19 жұқтырғандар саны 12,4 миллионға жуықтаған. Вирустан 557 мыңнан астам адам қайтыс болды.
Індеттен ең қатты зардап шеккен ел – АҚШ. Дүниежүзі бойынша вирус жұқтырғандардың төрттен бірі осы ел үлесінде. Соңғы ақпаратқа сай, елде 3,2 миллионнан астам адамға коронавирус жұққан. Олардың 135 мыңнан астамы қайтыс болды. АҚШ халқының саны 331 миллионның үстінде екенін ескерсек, ел халқының шамамен бір пайызы коронавирусқа шалдыққан деуге болады.
212 миллионнан астам халқы бар Бразилияда 1,8 миллиоға жуық адам COVID-19 жұқтырған. Өлгендер саны – 69 254. Ел президенті Жаир Болсанарудан да 8 шілде күні коронавирус табылды.
Жұқтырғандар саны жөнінен әлемде үшінші орында тұрған Үндістанда COVID-19-ға шалдыққандар саны 800 мыңға жуықтады. Елде 21 мыңнан астам адам осы індеттен көз жұмды.
Постсоветтік елдердің ең алыбы Ресейде коронавирус жұқтырғандар саны 700 мыңның үстінде. Қайтыс болғандар 10 мыңнан асты. Ресей әлемде вирус жұқтырғандар саны жөнінен төртінші орында тұр.
Коронавирус қатты өршіп тұрған Бразилиямен бір материкте – Оңтүстік Америкада орналасқан Перу мен Чилиде де жағдай ауыр. Бұл екі елде де коронавирус жұқтырғандар саны 300 мыңның үстінде.
Сәуір, мамыр айында коронавирустан қатты зардап шеккен Испания, Италия, Ұлыбритания мемлекеттерінде жағдай тұрақталып келеді. Ал Мексикада керісінше, вирус өршіп бара жатыр. Елде соңғы тәулікте 7 мыңнан астам адамнан COVID-19 табылды. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 282 мыңның үстінде.
Қазақстан коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен дүниежүзілік статистикада күн сайын бір саты жоғарылап жатыр. Қазір 31-орында. Соңғы ресми ақпаратқа сай, елде індетке шалдыққандар саны 55 мыңға жуықтады. Қазақстаннан бір орын жоғары тұрған Белгияда 62 мыңнан астам адамнан COVID-19 табылған.
Пікір қалдыру