Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп белгіледі. 10 шілде Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Президент пандемиямен күресте нәтиже көрсете алмаған Үкіметтің жұмысын сынға алды. Осы туралы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, журналист Базарбек Түктібай мен Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының меңгерушісі Индира Рыстина пікір білдірді.
Президент пандемияға қарсы күрес барысында барша қазақстандықтарды мазалаған проблемалар туралы айтып берді. Сақтық шараларын сақтасақ, қатерлі індеттің беті бері қарар ма еді?! Алдағы екі апта біздің болашақ қадамдарымыз үшін шешуші кезең. Өздеріңіз көріп-біліп отырғандай қазір әлеуметтік желі қазанамаға толып кетті. Арты қайырлы болғай, өлгенге – иман, тіріге – салауат. Ендеше, барлық азаматтар босаңсуға жол бермей, ел болып карантин ережелерін қатаң сақтайық, - деді ол.
«Ашығын айту керек, денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз» - деген Президент сөзін келтірген сарапшы осы шешімді қолдайтынын білдірді.
Денсаулық сақтау саласында жүрген қызметкерлер күндіз-түні осы қатерлі індетке шалдыққандармен күресіп, ұлт денсаулығын сақтаумен айналысып жатыр. Өкінішке қарай, ара-арасында туралап келген ажал алмай тынбауда. Мемлекет басшысы тағы бір маңызды мәселеге тоқталды. Ол дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керектігі және дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндірмеу. Бұл шешімді де қолдаймын. Президенттің айтуынша, қазір мемлекеттік органдар елді мекендерді қажетті дәрі дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор да жасақталған. Демек, аса алаңдауға негіз жоқ, бірақ «Сақтансаң – сақтайды» дегенді естен шығармай, әрдайым саналы әрекет пен жауапкершілікке ден қою керек-ақ, - деді Б.Түктібаев.
Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының меңгерушісі И.Рыстина да Президент қабылдаған шешімдер жайлы пікір білдірді.
Өмірде ең қорқынышты сәттер бұл ақпараттың жоқтығы. Ақпаратсыздық түсініксіздіктің пайда болуына әкеліп соғады, ал түсініксіздік өз кезегінде мәселенің түпкі себептерін білмейтін ақыл-ойдың шатасқан жағдайларына әкеледі. Біздің қоғамда қазір ақпарат көп, халық қайсысына сенерін білмей дал болуда. Сондықтан да халыққа дұрыс ақпарат ауадай қажет. Әсіресе осындай ауыр кезеңде, - деді ол.
И.Рыстинаның айтуынша, індетпен күресу мақсатында мемлекеттік саясатты әзірлеудің де трансформацияға ұшырауы байқалады, Үкімет қатып қалған жансыз механизм емес, керісінше елдегі болып жатқан оқиғаларға бейімделді:
Мемлекеттік сатып алудың арнайы рәсімі эпидемияға қарсы қажеттіліктерді бір көзден алу әдісімен кеңейтілді;
Қазақстан Республикасында тіркелмеген вирусқа қарсы препараттарды бірыңғай әкелудің жеңілдетілген тәртібі. Мұндай өтініштер күн ішінде қаралатын болады;
КВИ-ды емдеуге арналған отандық өндірушілердің жаңа препараттарды тіркеу рәсімі жеделдетілді.
Елде қазір туындап жатқан барлық мәселе Мемлекет басшысының назарында екенін ұғындық. Коронавируспен күрес күшейіп келеді, бәрі Президенттің бақылауында. Сондықтан жағдай оңалар деп үміттенейік. 13 шілде аза тұту күні халық бірлігінің еселенуіне әкеледі деп сенемін, - деді саясаттанушы.
Пікір қалдыру