Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге қай санаттағы азаматтарға тағайындалмайтынын және жұмысы бола тұра өтінім берген азаматтарға қандай жаза қолданылатынын айтты.
– Жалдамалы жұмыскерлер еңбекақысыз демалысқа жіберсе ғана алады. Егер де мекемеден ресми жұмыстан шығып кетсе, ол адамға жұмыспен қамту орталығына хабарласу қажет. Ол жерде Еңбек бағдарламасы, жол картасымен жұмыстар, несие, грант ұсынылады. Егер де олар сәйкес келмесе, үш күннің ішінде оларды жұмыссыз ретінде тіркеуге алады. Тіркелгеннен кейін әрі қарай жұмысты іздей береміз. Бірақ сол күннен бастап ол кісі сақтандыру қорынан жұмыссыздыққа қарсы әлеуметтік төлем алуға құқылы. Оны 6 ай алады, оның көлемі орташа есеппен жалақының 40 пайызын құрайды, – деді министр.
Министр жалдамалы жұмысшылар үшін өтінімді жұмыс берушілер беретінні атап өтті.
– 42 500-ге жұмыс істеп тұрақты жалақы алып жүргендер және мекемеде жұмыс жасамайтындар да өтінім берді. Себебі біз бәрін жеңілдетіп тастадық. Жұмысы бола тұра жүздеген, мыңдаған адам өтінім берді. Осы жолы өткен тәжірибе ескеріле отырып, жалдамалы жұмысшыларға өтінімді тек жұмыс беруші беретін болып шешілді. Жұмыс беруші бізге өзінің қарамағындағы еңбекақысыз демалысқа кеткен адамдардың тізімін жібереді. Жауапкершілік тиісті жұмыс берушінің мойнында болады. Мекеме жалған мәлімдеме берген жағдайда заң жүзінде қылмыстық жауапкершілікке тартылады, – деді Біржан Нұрымбетов.
♦ Оқи отырыңыз: "Жыртық жамауға келмейді". 42500 теңге халықтың керегіне жете ме?
Пікір қалдыру