5 шілдеден бастап ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425-бабына сәйкес, бекітілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзған жеке тұлғаларға 83 340 теңге (30 АЕК), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 638 940 теңге (230 АЕК), орта кәсіпкерлік субъектілеріне 861 180 теңге (310 АЕК), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 4 444 800 теңге (1600 АЕК) айыппұл салынады.
Айыппұл кімге, қалай салынады? Көпшілікті мазалаған сұраққа Шығыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Марат Исмаилов кеңінен толыққанды түсіндіріп берді.
Егер дүкенде сатушы маскасыз, қолғапсыз сатып алушыларға қызмет көрсетсе, жеке тұлғаға 30 АЕК айыппұл салынып, әкімшілік хаттама толтырылады. Ал егер кәсіпкерлік нысанында мейлі ол кафе не дүкен болсын, тиісті дезинфекциялық құралдар жоқ болса, айыппұл нысан иесіне яғни заңды тұлғаға салынады. Айыппұл сомасы кәсіпкерліктің санатына байланысты, яғни шағын, орта немесе ірі кәсіпкерліктің бірі болуы мүмкін.
Көпшілік жиналатын орындардың бірі – қоғамдық көліктер. Егер жүргізуші, кондуктор санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларын ұстанбайтын болса, айыппұл қоғамдық көліктің жұмысшысына салынады. Ал егер, автобус паркінің иесі санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларын орындамаған болса, айыппұл автобустардың иесіне, заңды тұлғаға салынатын болады. Бұл жерде де, айыппұл сомасы кәсіпкерліктің қандай санатта болуына байланысты.
Жеке не заңды тұлғаға айыппұл салынған жағдайда, төлейтін соманың 50%-ын ғана төлеуге болатын мүмкіндік бар.
Бірінші, (шағын, орта, ірі) кәсіпкерлік субъектісі анықталған бұзушылықтардың барлығын мойындап, келісуі қажет.
Екінші, ҚР ӘҚБтК 425-бабына сәйкес, айыппұлды алғашқы 7 тәулік ішінде төлейтін болса, барлық соманың 50%-ын ғана төлейді.
Сондай-ақ анықталған бұзушылықтар саны салынатын айыппұл мөлшеріне әсер етпейді.
Мысалы, бір дүкенде 3 бұзушылық анықталды, келесі дүкенде 1 ғана бұзушылық анықталды. Екеуі де орта кәсіпкерлік нысандары. Дүкен иелері анықталған бұзушылықтар санына қарамастан, екеуі де бірдей 861 180 теңге немесе 310 АЕК-ті төлейтін болады.
ШҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті карантин талаптарын бұзғандарға заң тарапынан жауапкершілік қарастырылғанын тағы бір мәрте ескертеді.
Коронавирус, карантин, шектеу шаралары күнделікті тіршілікті, жоспарланған шараларды өзгерткені баршаға мәлім. Дегенмен, қауіпті індетті халық болып бір кісідей тәртіпке бағынып, қажетті шараларды орындаған кезде ғана COVID-19 вирусының алдын алып, құтыла аламыз.
Пікір қалдыру