Қазақстанда коронавирусты анықтайтын ПТР тест нәтижесін негізге ала отырып қойылған "пневмония" диагнозы елді халықаралық дауға қалдырды. Кейбір медицина мамандарының айтуынша, елдегі ПТР тестерінің дұрыстығы 20 пайыздан да төмен. Олар коронавирусты анықтаудың бұл жолын қолдамай отыр.
Ал 21 шілде күні елдің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ПТР тест санын арттыру үшін мемлекеттік бюджеттен тағы 42 млрд теңге сұрады. Оның айтуынша, бұл "қосымша" қаражат жыл соңына дейінгі эпидемиология жағдайын болжауға және ПТР зертханалардың санын арттыру үшін қажет.
Қамшы тілшісі коронавирусты анықтау үшін ПТР тест нәтижесі қаншалықты маңызды деген сұрақты негізге ала отырып, Алматы қалалық кардиология орталығында клиникалық фармаколог болып жұмыс істейтін Жадыра Жалғасбайдан сұхбат алды.
Клиникалық фармакологтың айтуынша, ПТР тест көрсеткен нәтиженің бәрі дұрыс бола бермеуі мүмкін.
– ПТР тест ауруы асқынған науқастардың ағзасында вирустың болған-болмағанын анықтай алмайды. Өйткені вирус адам бойында бірнеше күн жүреді. Одан соң ол вирус тест арқылы байқалмауы мүмкін, бірақ ағзадағы вирус кейіннен асқынады. Ең күрделі асқыну – пневмония, яғни өкпенің қабынуы. Науқас жағдайын анықтаудың ПТР тестінен бөлек бірнеше жолы бар. Рентген, КТ (компьютерлік томография) арқылы науқас өкпесіндегі өзгерістерді, ал жалпы қан анализі арқылы лейкозитозды (лейкоциттің көбеюі) біле аламыз. Егер лейкозитоз күрт төмендесе, иммунитеттің әлсірегені,– дейді Жадыра Жалғасбай.
Маман қарапайым халықтың ПТР тестін емес, жалпы қан анализін тапсырғанын құп көреді.
– ПТР тестінің ең арзаны 8500 теңге тұрады. Ал жалпы қан анализінің ең арзаны – 600 теңге. Осы тұрғыда қарапайым халыққа қаражат жағынан да ең тиімдісі жалпы қан анализі болып тұр. Егер осы анализге қарап емді бастасақ, уақытты да, қаражатты да үнемдер едік. Дегенмен ПТР тесті керек емес деп те нақты айта алмаймын. Коронавирустың 2100-ден астам түрі бар. Сонша вирустың қайсысы ағзаға барып түсетінін ешкім нақты айта алмайды. Бірақ жалпы қан анализі арқылы лимфоциттердің күрт түсіп кеткенінен ағзада вирус пайда болғанын болжауға болады, – дейді ол.
Фармаколог маман ПТР тестінің тиімсіздігін өз тәжірибесінде де байқап көріпті.
– Маған хабарласатын 10 адамның екеуінде ғана COVID-19 оң нәтиже көрсетеді. Қалғанының тест нәтижесі теріс болса да өкпесінде пневмония бар. Біз оларды емдемей, қарап отыра алмаймыз ғой. Сол үшін нақты зерттеулерге сүйене отырып, вирустан қалған өзгерістерді емдеген дұрыс. ПТР-дың теріс нәтижесіне қуанып отыра бермеу керек, – дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, кардиологиялық орталықта жұмыс істегенімен, оған пневмония мен коронавирус жұқтырған таныстары, достары, сондай-ақ әлеуметтік желідегі оқырмандары да кеңес сұрап келген. Ол індет басталғалы бері 100-ге жуық науқасты ауруынан айықтырған.
Клиникалық фармаколог Жадыра Жалғасбай
– Ақпан айынан бастап мен емдеген науқастардың арасында тек бір адам ғана қайтыс болды. Өкінішке қарай, ол кісінің лимфогранулематоз деген ауруы болған. Сондай-ақ ол маған өте кеш хабарласты. Мен енді емдеуді бастағанда, екі күннен соң ауруы асқынып қайтыс болды. Қалған емдеген науқастарым 3-5 күннің ішінде сауығып кетті, – дейді ол.
Дәрігер сұхбат соңында коронавируспен бір рет ауырған науқастар екінші қайтара ауыруы мүмкін екенін айтып, адамдарды сақтанып жүруге шақырды.
– Адамдар бір рет ауырған соң да денсаулығына аса мән беруі керек. Себебі "тағы ауырып жатырмын" деп хабарласып жатқандар бар. Олардың ағзасында да ауру белгісі бір-біріне ұқсайтын екі түрлі вирус жүруі мүмкін.
2012 жылы Оңтүстік Кореяда, 2015 жылы Біріккен араб әмірлігінде коронавирустың басқа түрі болды. Ғалымдардың зерттеуінше, сол түр кезінде мықты иммунитет пайда болған. Бұл дегеніміз, сол вируспен ауырғандар қайталап ауырмайды деген сөз. Қазіргі COVID-19-дың жаңа түрі иммунитетті қатты әлсіретеді. Сол себепті бір рет ауырған науқастар екінші рет ауыруы әбден мүмкін, – деп ескертті дәрігер.
Пікір қалдыру