Қытайдың Тяньцзинь қаласындағы логистикалық компанияның қоймасында болған жарылыстан қаза тапқандар саны 85 адамға жеткен. Бұл туралы "Қамшы" ақпараттық порталы tengrinews.kz- ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, үйінділер арасынан тағы 44 адам құтқарылған, бұған дейін 55 адамның қаза тапқаны, 701 адамның жарақаттанғаны хабарланған еді.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Тяньцзиньдегі жарылыстан 170 мың үй, 1700 компания, 675 дүкен зардап шегіп, 10 мыңнан аса автомобиль өртеніп кеткен. Қоймадағы өртенген химикаттардың нақты мөлшері белгісіз.
Еске сала кетейік, 12 тамызда Қытайдың солтүстігіндегі Тяньцзинь қаласындағы Ruihai Logistics логистикалық компаниясының қауіпті заттар сақталатын қоймасында жарылыс болғаны хабарланған еді. Қытайдың сейсмикалық агенттігі бірінші жарылыстың тротил эквивалентінде үш тонналық күшке ие болғанын, ал екіншісі 21 тонна болғанын хабарлады.