NASA "ықтимал қаупі бар" делінген астероид 24 шілдеде Жерге жақындай түсетінін мәлімдеген болатын.
"Астероид 2020ND" деп аталған аспан денесі шамамен Бәйтерек монументінен екі есеге жуық үлкен. Жер ғаламшарына жақындайды делінген астероидтың ұзындығы – 170 метр.
NASA ғалымдары астероидтың Жер орбитасына қарай ұшып келе жатқанын және планетамыздан бар болғаны 0,034 астрономиялық бірлігіндей (АБ) қашықтықта болатынын ескертеді. Секундына 14 шақырым жылдамдықпен қозғалып бара жатқан аспан денесі Жерге 5.57 миллион шақырымға дейін жақындайды.
NASA-ның ақпаратынша, орбиталық қашықтық 0,05 астрономиялық бірліктен аз барлық астероидтар "ықтимал қауіпті астероидтар" болып саналады.
Астероидтың жалпы қозғалыс барысын төмендегі видео арқылы көруге болады.
Видеодағы көрсетілім бойынша, аспан денесінің Жермен арақашықтығы "ықтимал қауіпті" орбиталық қашықтықтан (0,05 астрономиялық бірліктен) жақын болатын уақыты 20 шілдеден 28 шілдеге дейін жалғасады.
Ал, біздің ғаламшарымызға ең жақын келетін кезі әлемдік ортақ уақыт (UTC) бойынша 24 шілде 2:00-ден 25 шілде 00:00 аралығы. Ал, бұл Алматы уақыты бойынша 24 шілде таңғы 8:00-ден 25 шілде таңғы 6:00-ға дейінгі аралық. Осы кезде астероид Жерден 0,037 астрономиялық бірлігіндей қашықтықта болады. Алматы уақыты бойынша 25 шілде 8:00-ден бастап аспан денесі алыстай бастайды.
Пікір қалдыру