Интернатура және резидентура бітіріп келген 55 маман Атырау қаласындағы және аудандардағы емдеу мекемелеріне жұмысқа кірісті. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жас мамандармен кездесу барысында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов медицина саласының ауыр кезеңді бастан өткеріп жатқандығын атап өтті.
– Қазіргі уақытта облыста 9000 медицина қызметкері болса, оның ішінде 2000 медицина маманы пандемиямен күреске жұмылдырылып отыр. Оның үстіне, өңірде 278 дәрігер жетпейді.
Бүгінгі таңда Жылыой, Құрманғазы аудандарында ауруханалар салынуда. Сонымен бірге, Атырау кардиоорталығына жапсарлас ғимарат ашылады. "Медицина және білім саласы мамандарын дайындауға қашан да басымдық береміз, – деген Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жас мамандарды әлеуметтік қолдау жалғасатынын айтты.
Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров бұған дейін хабарлағандай, аймаққа жалпы саны 122 жас маман келетінін айтты. Қазіргі кезде олардың алды жұмысқа кірісіп кеткен.
– Коронавирус індетіне байланысты, жас мамандардан қосымша көмек болады деп күтілуде. Мамандардың жалақысы заң шеңберінде көрсетілген деңгейде төленеді. Егер инфекциялық немесе провизорлық стационарға жұмысқа кіріссе, министрлік бұйрығына сәйкес үстемеақы бөлінеді. Емдеу мекемелері басшыларынан түскен сұранысқа сай, мамандар үймен қамтамасыз етіледі, – деді Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.
Насыр мен Альбина Оңғарбаевтар қызыл аймақта жұмыс істеп жатқан отбасылық жұп. Дәрігерлікті таңдаған жас мамандар Ақтөбенің тумалары.
– Жұмысқа 20 шілде күні кірістік. Атырау облыстық ауруханасы жанындағы провизорлық стационардамыз. Науқастарды қабылдап, жағдайларын бақылаймыз. Ауру тарихына қатысты құжаттар толтырамыз. Қазіргі уақытта облыстық әкімдік жалдап берген "Достық" қонақ үйінде тұрамыз. Ауруханаға автобус тасымалы ұйымдастырылған. Бүгінде ахуал тұрақталып, науқастар саны азаюда. Десе де, осындай қиын жағдайда халыққа көмек көрсетіп жатқанымызға қуаныштымыз, – дейді Насыр мен Альбина Оңғарбаевтар.
Облыстық аурухананың провизорлық ауруханасында жұмыс істеп жатқан маманның тағы бірі – Дмитрий Ли. Хирург мамандығын бітірген Дмитрий Ли жатақханаға орналастырғанын айтады.
– Үш мезгіл ас-ауқатпен, қажетті қорғаныс киім-кешектермен қамтамасыз етілдік. Тәжірибеміз болмағандықтан, тәлімгерлермен кеңесе отырып, ем-шарасын тағайындаймыз, – дейді Дмитрий Ли.
Қазіргі уақытта Ақтөбе медициналық академиясын аяқтаған 53 маманның 11-і стационарлық ауруханаға, 27-сі бастапқы медициналық көмек көрсететін емханаларға жұмысқа кірісті. Қалған 15 маман аудандарға жіберілді.
Пікір қалдыру