Ержан Қыпшақбаев – Қызылорда облысы Арал қаласының тумасы. Жасы 25-те. Осы уақытқа дейін әр жұмыстың басын шалған ол қазір Алматыда "Glovo" жеткізу сервисінің серіктесі, яғни курьер болып жұмыс істейді.
Ержан 9-сыныпты бітірген соң Ақтөбе қаласына оқуға түсті. Төрт жыл колледжде оқыды. Оны тәмамдаған соң Алматыдағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының студенті атанды. Алайда қызығушылығы болмай, оқуды орта жолдан тастап кеткен.
Оқудан шығып қалған Ержан кездескен кез келген жұмысты істеген. Өзінің сөзінше, жұмыс талғамайды.
Ержан әлеуметтік желіде өте белсенді. Өзінің жұмысы мен қызықты сәттерін үздіксіз Instagram парақшасына салып отырады. Курьер қызметінің қаншалықты қызықты екенін барлығы білгенін қалайды.
– Қазір менде екі парақша бар. Біріншісіне мағыналы видеоларды, тәрбиелік мәні бар дүниелерді жүктеп отырамын. Екіншісі өзімнің жеке парақшам. Ол жерде жұмыс туралы жазам. Неге екенін көп адам өзінің курьер болып жұмыс істейтінін ашып айта бермейді. Мен "егер қандай да бір жұмысқа кіретін болсам, Instagram желісінде сол туралы айтып отырамын" деп бұрыннан ойлап жүртінмін. Әлеуметтік желіде жұмысын көрсете отырып танымал болып кеткен қасапшылар бар. Мен де сол секілді өзіме қызық дүниені желідегі парақшамда бөлісіп отырамын. Курьердің жұмысы қызықты екенін басқалар да білсе деймін. Қыста тапсырысты жаяу орындайтынмын. Тамақты суытып алмау үшін тезірек жүруге тура келеді. Жұмыс барысында көптеген танымал адамдармен жолығамыз. Бірде Сәкен Майғазиев ағамызбен көрісіп қалдым. Ол кісі сондай қарапайым екен. Екеуіміз біраз әңгімелестік. Мен қандай да бір белгілі адамды көрсем, бірден сөйлесіп көремін. Маған адаммен араласқан ұнайды. Бұл әрекетім үшін ұялмаймын, – дейді ол.
Ержанның сөзінше, карантин кезінде, елдің бәрі үйде отырғанда жеткізушілердің жұмысы қыза түскен.
Ержан Аралда жүргенде қайырымдылықпен айналысып, мұқтаж жандарға қол ұшын созған.
Пікір қалдыру