Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, Парламент сессиясы аяқталғаннан кейін дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын депутаттардың аймақтардағы жұмысы биыл ерекше маңызға ие.
Қазір тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде орын алған коронавирус індеті барлық қызмет салаларында, оның ішінде депутаттардың жұмысына өз әсерін тигізді.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жыл сайын депутаттардың дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын аймақтарға сапары өзгеріп, Мәжіліс депутаттары өңірлерде қоғамдық бақылау аясында коронавирус індетімен күреске араласып жүргенін айтты.
«Парламенттік демалыс» - бұл қалыптасқан түсінік. Себебі, жұмыс жалғасуда.Тек жұмыс барысы Парламент қабырғасынан аймақтарға ауысты.Биыл біз мәжілісмендердің дәстүрлі кездесулерінің форматын өзгерттік. Басты мақсатымыз сақталды. Ол - еліміздің барлық шет және шалғай ауыларына бару. Депутаттар Қоғамдық бақылау аясында дәріханалар желілеріне мониторинг жүргізіп, ауруханаларды аралады. Халықты қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді бақылауға алып, дәрігерлердің жұмыс жағдайларымен танысты. Мәжілісмендер гуманитарлық көмектің жеткізілуі мен таратылуын қадағалап,көмекке мұқтаж тұрғындардың өтініштерін қабылдады. Депутаттар волонтерлік орталықтардың жұмысына да белсенді қатысуда. Бүгінгі таңда мәжілісмендердің белсенді жұмысын әлеуметтік желілерден байқауға болады. Біздің көптеген әріптестеріміз Facebook-тегі парақшаларында аймақтардағы жұмыстары туралы үнемі жариялап отырады. Мысалы, депутаттар Нұртай Сабильянов, Снежанна Имашева, Азат Перуашев, Айгүл Нұркина, Гүлнар Бижанова, Ирина Смирнова, Зәуреш Аманжолова, Айқын Қоныров, Магеррам Магеррамов, Нұржан Алтаев, Меруерт Қазбекова және басқалар, - деп атап өтті Нұрлан Нигматулин.
Сонымен бірге, Мәжіліс Төрағасы депутаттар қайырымдылық көмек көрсетіп жатқандығын, сондай-ақ, халыққа қолдау көрсету үшін қайырымдылық жобаларына қатысып жатқандарын да айтты.
Мәжіліс Төрағасы сессия барысында депутаттар Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирустың таралуына қарсы тұру, індет кезінде және жалпы елдің дағдарысқа қарсы дамуы жөніндегі бастамаларын заңнамалық қолдауды қамтамасыз ету мақсатында заңнамаға бірқатар түзетулер қабылдағанын атап өтті. Бұл ең алдымен, салық салу және әлеуметтік төлемдер мәселелеріне қатысты.
Сонымен бірге, Нұрлан Нығматулин қазір әлеуметтік желілерде депутаттардың шетелде демалып жүргені туралы ақпаратқа назар аударды.
- Қазір әлеуметтік желілерде кейбір әріптестеріміздің шетелде демалып жатқандығы туралы ақпарат қызу талқылануда. Чартерлік рейс ұйымдастырылған деген жалған ақпарат та тарады. Сондықтан, мен бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін анық және нақты айтқым келеді. Қазіргі кезеңде барлық депутаттар елде, халыққа осы қиын кезеңнен өтуге көмектесуде. Біздің көптеген әріптестеріміздің өздері ауырды. Кейбірі жақындарынан айрылды. Бірақ, осы қиындықтарға қарамастан, біздің аймақтардағы жұмысымыз жалғасуда. Бұл алдағы Парламент сессиясында қажетті заңнамаға өзгерістер енгізу керектігін талдауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде заңнамалық қоржында ондаған жаңа заң жобалары бар, - деді Мәжіліс Төрағасы.
Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин Мәжіліс депутаттарымен қатар, қазір аймақтарда Сенат депутаттары жұмыс істеп жатқандығын атап өтті.
- Барша қазақстандықтарға денсаулық, амандық және сабырлылық тілеймін. Біз бірлігіміздің арқасында бұл қиындықтан өтеміз деп сенемін, - деді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Мәжілістің баспасөз қызметі
Пікір қалдыру