Премьер-министр тапсырмасы: Несие төлемі кейінге шегеріледі

/image/2020/07/30/crop-56_38_431x722_191126165358190a3588923i.jpg

Карантиннен зардап шеккен кәсіпкерлерге осы жылдың қазанына дейін кредит төлемдерін кейінге шегеру мүмкіндігі беріледі. Бұл туралы премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында айтылды, деп хабарлады primeminister.kz.

Жиында президенттің карантинді ұзарту және одан кейінгі кезеңге дайындалуға қатысты берген тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды.

Үкімет басшысы алдағы екі апта ішінде өз қызметін уақытша тоқтатқан экономика салаларының қызметін қалпына келтіру бойынша жүйелі дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, "Атамекен" палатасымен бірлесіп, кәсіпкерлерге қолдау көрсету шараларын әзірлейді.

Ең көп зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау шарасы ретінде несие төлемдерін осы жылдың 1 қазанына дейінгі мерзімге кейінге қалдыру мүмкіндігі ұсынылады.

Премьер бизнес субъектілерінің қызметіне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бекітуді, сондай-ақ, азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық ережелерді сақтауына тиісті бақылау жасауды тапсырды.

Кәсіпорынның жұмысына салынған тыйымды алып тастау алгоритмі кәсіпкерлерді тіркеуді және "Info Kazakhstan" электронды платформасында қызметті қайта бастауға өтінімдер қабылдауды қамтиды. Әкімдік, СЭҚ, өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері мен жұртшылық өкілдерінен құралған комиссия тексеріс жүргізгеннен кейін, бизнес субъектілеріне қызметін қайта бастауға электронды рұқсат беріледі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне індеттің алдын алу және ақпараттандыруды арттыру бойынша мобильді қосымшалар енгізу тапсырылды.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар