Қасым-Жомарт Тоқаев: Абай – рухани реформатор

/image/2020/08/10/crop-17_6_540x959_2020_08_10_1593942882_news_b.jpeg

10 тамызда ұл­­ты­­мыздың ұлы ақы­ны, ойшыл тұл­­ғасы Абай Құнан­­бай­­ұлы­ның ту­ға­нына 175 жыл тол­ды. Бұ­дан ши­рек ға­сыр уақыт бұ­рын тұңғыш прези­дентіміз – елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен Абайдың 150 жыл­дығы ЮНЕСКО деңгейінде өткі­зіл­ген еді. Бұл торқалы той – сол тама­ша дәстүрдің жалғасы.

Биылғы мерейтойға орай бірқатар іс-шара жоспарланған болатын. Бірақ әлемді жайлаған індетке байланысты со­ның көпшілігін онлайн форматқа ауыс­тырдық. Әрине сан сынақтан сү­рін­беген халқымыз бұл дертті де жеңе­ді. Қиындық  өтпелі, ал Абай мұрасы мәң­гілік.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет оныншы тамызды «Абай күні» деп бел­гілеп, мерекелер тізбесіне енгізді (бірақ жұмыс күні болып қала береді). Ұлы ақынның мұрасын ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл сайын өткі­зіліп тұратын болады. Мәселе мерейтойда емес – тұғырлы тұлғаның туын­ды­ларынан терең тәлім алуда. Абай­дың рухына тағзым ету – оның қағи­датын ұстану, аманатына адал болу. Сонда ғана жас ұрпақтың сана­сына қастерлі құндылықтарды сіңі­реміз.

Біз ұлы ойшылдың өнегелі өмірі мен тағылымы туралы айтудан жа­лық­­паймыз. Әсіресе қазіргі Қазақстан қоға­мын Абайдың рухани ұстанымына сай дамыту аса маңызды. Мен бұл жөнінде «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаламда кеңінен айттым.

Биылғы жыл халықаралық «Абай жылына» айналды. Әлемнің көптеген елдері оның шығармашылығына назар аударуда. Қазақстанның бастамасымен және ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлы ақынымыздың 175 жылдық мерей­тойы жаһандық деңгейде аталып өтуде.

Ақынның баға жетпес мұрасын ұғын­дыру және дәріптеу – азаматтық пары­­зымыз. Өйткені Абай – әлем­дік дең­гей­дегі кемеңгер тұлға. Абай­тану­дың тұ­ғыр­намалық негізі де осы болуға тиіс.

Қазір ақынның еңбектерін халық­ара­лық ғылыми айналымға енгізу үшін нақты және мақсатты жұмыс­тар қол­ға алынуда. Оның шығарма­ла­ры әлем­нің он тіліне аударылып, бас­паға әзірленді. Бұл кітаптар жүз­ден астам елдің кітапханалары мен мәде­ни орта­лықтарына жіберіледі. Бірқа­тар шетел­дік аудармашыларға, Абай­дың шығар­машылық мұрасын зерттеу­ші­лер мен насихаттаушыларға менің Жар­лығыммен мемлекеттік награда берілді.

Абай рухын ұлықтау шарала­ры жалғасуда. Шетелдегі елшілік­тері­міздің жанынан Абай орталықтары ашыла бас­тады. Ақынның шығар­ма­шылығын жүйелі зерттеу үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан Абай академия­сы құрылды.

Біз бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармауымыз керек. Себебі ұлт ретіндегі жаңару идея­сы да оның көзқарасымен үндесіп жат­қаны анық.

Келесі жылы Қазақстан Тәуел­сіз­дігі­нің 30 жылдығын атап өтеміз. Бірақ ке­зінде ұлы ойшылды қатты толған­дырған кейбір келеңсіздіктер қоғамда әлі де кездеседі. Өкінішке қарай Абай айт­қан «бес дұшпаннан» толық арылып болған жоқпыз.

Азаматтарымыздың арасында жал­қаулық пен сөзуарлық жиі кездесетіні қынжылтады. Бұлар бұрынғыша той­құмарлықтан тартынбай, күнделікті тынымсыз тірлікті дәріптеудің орнына, әрбір қоғамдық оқиғадан саяси астар іздейді де отырады.

Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды. Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз. Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді.  

Ең алдымен, білім игеру. Біз бү­кіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. За­ман талабына сай білім алу интел­лек­туалды ұлт қалыптастыруға жол ашады.

Екінші, тәрбие мәселесі. Сон­дықтан, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет.

Үшінші, жаңа кәсіп игеру. Ақын әр қазақ өз ісінің шебері болса деп ар­­ман­дады. Әсіресе бәсекелестікке толы ал­мағайып заманда мұның мәні зор. Абай: «Мал керек болса, қол­өнер үй­ренбек керек. Мал жұтай­ды, өнер жұта­майды» дейді. Біз ең­бекке, жаңа өнер иге­руге деген көзқа­расымызды түбе­гейлі өзгертуге тиіспіз. Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте.

Төртінші, ынтымақ мәселесі. Абай әрдайым қоғамның береке-бірлі­гін арттыруға ден қойды. Ол «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос» деп, елді татулыққа шақырды.

Біз аса күрделі кезеңді бастан өткеру­деміз. Осындай сәтте бір-бірімізге қол ұшын беріп, өзара мәміле мен ынты­мағымызды арттыра түсу аса маңызды. Кемеңгердің де жан-жүре­гімен тілегені жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығы еді. Сон­дық­тан бүгінгідей қиын шақта Абай мұ­расына жүгіну өте өзекті  болып отыр.

Абай өнегесінің құны дәуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті әрі күллі адамзатқа ортақ. Оның қара өлең болып өрілген және қара сөз болып төгілген оралымды ойлары әлі күнге дейін өмірлік бағдар болып келеді.

Ұлтының болашағы үшін қам жеген ұлы ойшыл күллі жұртшылықты да махаббат пен мейірімге үндеді. Ақынның осындай адамгершілік қағидаттары еліміздің бүгінгі ұрпақтары үшін де аса қажет.

Мемлекет тәуелсіздік жағдайында ұлттық сананы қайта жаңғыртуға және жаһандану өзгерістеріне бейімдеуге жалпыұлттық  тұрғыдан басымдық беріп отыр.

Ұлы данышпан елдік мүддені әрдайым жоғары қоюға, алған білім мен тәжірибені халық игілігіне жұмсауға шақырды. Бүкіл адамзат үшін даму үрдісін осындай ұстаным арқылы ұғыну әрдайым маңызды болмақ.

Абай – біздің ұлтымыз бен жұрты­мыз­ды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеу­сіз, ха­­лық­тың рухани азығына айнал­ған мұра қалдырды. ХХІ ғасырға қадам бас­сақ та, Абайдың көзқарасы заман­ауи із­гі­лік қағидаттарына және Қа­зақ­стан қо­ғамының басты құндылық­тарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай ке­летіндігіне тағы да бір мәрте көз жеткі­земіз.

Ұлы данышпан ұлттың рухани мә­дени, адами бет-бейнесін асқан көре­гендікпен сипаттаған. Оның ұлылығы да осында.

Абайдың даналық сөздері қазақ халқының алтын тұғыры, түп негізімізге үңіліп, ұлттық ұстынымызды іздеген көп­теген ұрпақтың басын біріктіретін мәң­гілік рухани тірек болып қала бермек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары» деген бо­латын. Бұл тұжырым бізді ақын әлеміне терең бойлауға, жаңаша ойлауға мін­деттейді.

Қазір елімізде абайтанумен айна­лы­сатын бірнеше ғылыми-зерттеу орталығы бар. Осылардың жұмы­сын жүйелеп, елордамыздағы Абай акаде­миясының төңірегіне топтастырған жөн. Академия барлық зерттеу меке­мелерінің жұмысын ғылыми тұрғыдан үйлестіруші міндетін атқара алады.

Алдағы уақытта гуманитарлық пән­дер­дің бөлінбес бөлшегі ретінде «Абай­тану» курсын оқыту мәселесін қолға алу керек. Жаңа философиялық және саяси ұстаным тұрғысынан «Абай­та­ну» оқулығы мен хрестоматиясын әзір­леу қажет. Сондай-ақ Абайдың «толық адам» ілімі жан-жақты әрі терең зерттелуге тиіс.

Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз.

Түптеп келгенде, әрбір қазақ Абай­мен мақтануға тиіс! Халқымыздың ұлы перзентінің торқалы тойы құтты болсын!  

Egemen.kz

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар