Медиакәсіпкер, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің экс-мүшесі Арман Шораев Facebook парақшасында Нұр-Сұлтан қаласындағы Қабанбай батыр көшесін қайта құрылымдауға жұмсалатын 92 млрд теңге қаржының тым көп екенін, ол ақшаға баспанасы жоқ отбасыларға үй салып беруге болатынын айтты. Оның айтуынша, елорда әкімі Алтай Көлгінов пен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ақшаны желге шашып отыр.
Шораев төрт жатын бөлме, асхана және терассадан тұратын жаңа үйді таныстырып, бүгінгідей қиын кезде жол құрылысына кететін ақшаға шамамен осындай баспана салып берген әлдеқайта дұрыс болатынын жеткізді.
Үй құрылысына 33 мың доллар яғни 13 млн 860 мың теңгеге жуық қаржы кеткен.
Оның сөзінше, үйді несиеге беру арқылы мемлекет жұмсалған ақшаны артығымен қайтарып ала алады.
Шораевтың дерегін басшылыққа алсақ, елордадағы Қабанбай батыр көшесін жөндеуге бөлінген 92 млрд теңгеге дәл осындай 6637 үй салуға болады екен.
"Құрметті достарым! Осы үйдің бір шаршы метрі 200 доллар болып шықты. Сонымен, осындай үйді басынан аяғына дейін салу үшін, ішін қаптау үшін 33 мың доллар қаражат қажет. 92 млрд теңгені Көлгінов мырза, министр Атамқұлов мырза бір ғана әлгі қонақтарға арналған көшеге салмақшы. Біздің елде таң қалатыным барлығы қонаққа арналған. Қазба байлықты бітіріп, енді жолды да қонаққа беретін болдық. Көлгінов пен Атамқұлов, сендер оңбаған шошқаларсыңдар. Нағыз осындай қиын жағдайда қаражатты бір көшені дұрыстау үшін жұмсап жатырсыңдар. Одан қалды ЛРТ-нің бюджетін алсақ, дәл осындай үйлерден Қазақстанның әр облысынан 3000 үй салып, баспанасы жоқ адамдарды баспанамен қамтамасыз етуге болады. Сондықтан, айналайындар, біліп жүріңдер. Сендер паразитсіңдер, оңбаған шошқаларсыңдар. Кезі келгенде осындай жосықсыз қимылдарың үшін әділетті соттың алдында жауап бересіңдер" делінген видеода.
Пікір қалдыру