Бостандық ауданы мүгедектер қоғамы басқармасының төрағасы Ұлан Әскербекұлы алматылықтарды карантин режимі аяқталғаннан кейін де санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырды.
– Жаһанды жаулаған қауіпті індет Қазақстанға да кері әсерін тигізді. Өкінішке қарай елімізде коронавирустан қайтыс болған адамдар да көп болды. Кейіннен үкімет елде карантин режимін қатаң енгізіп, індеттің алдын алу шараларын дер кезінде қолға алды. Енгізілген карантиннің пайдасы зор болды. Бұдан алдын күніне 1600-1700-ге жуық науқас вирус жұқтырған бллса, қазір ол көрсеткіштен төмендеді, – деді Ұлан Әскербекұлы.
Ол карантин режимі аяқталса да арнайы санитарлық талаптарды сақтауды ұмытпау қажеттігін атап өтті.
– Карантин кезінде көптеген бизнес орталықтардың жұмысы тоқтатылды. Әрине оларға үкімет тарапынан 42 500 теңгелік әлеуметтік төлем тағайындалды. Енді 17-ші тамыздан бастап елде карантин режимі жеңілдетіліп, кәсіпкерлер қайтадан жұмысын бастайды. Осы уақытта барлық адамдар санитарлық талаптарды қатаң сақтап, антисептик, маска тағып арақашықтық сақтауды ұмытпаса дегім келеді. Алматылықтар бұл қауіпті аурудың тарауына жол бермей, қаншалықты қауіпті екенін түсінсе деймін, – деп сөзін түйіндеді ол.
Пікір қалдыру