Әнші Талғат Кенжеболатовқа (Кентал) төрт жыл бұрын түсірілген видео үшін 10 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы әншінің өзі әлеуметтік желіде хабарлады.
Кенталдың айтуы бойынша, төрт жыл бұрын түсірілген видео үшін үстінен іс қозғалып, төрт сот отырысы өткен. Сот төрағасы Д.М.Алыбаев әкімшілік құқық бұзушылықтың 675-бабы ("Айырым белгілері және (немесе) нышаны бар әскери киім нысанын, сондай-ақ нысанды киім мен арнаулы киім-кешекті заңсыз киіп жүру (пайдалану)") бойынша 5 АЕК (13 889 теңге) көлемінде айыппұл салған.
– Бұл айыппұл ештеңе емес. Алматы қалалық криминалдық полиция басқармасының басшысы Еркін Іңкәров мырзадан хат келді. Менен 10 миллион теңге талап етіп отыр. Сондай-ақ менің ресми түрде кешірім сұрауымды жазған. Құрметті Еркін Іңкәров, мен сізден не үшін кешірім сұрауым керек?! Не үшін сізге 10 миллион теңгені төлеуім керек?! Менің конституциялық құқығымның тапталғаны мен өз атыма айтылған балағат сөздер үшін бе? Сіздің мені қорқытып-үркіткеніңіз үшін бе? Не үшін?!, – деді әнші желідегі видеосында.
"Мен коронавирусқа қатысты бірнәрсе айттым ба, әлде полиция қызметкерлеріне тіл тигіздім бе? Нақты дәлелдері де жоқ. Ана жерде басқа сөз, мына жерде басқа ақпарат.
Сіздер, криминалистер, өз жұмыстарыңызбен, мен өз өнеріммен айналысайын. Сіздердің міндеттеріңіз – елді қорғау, тыныштықты сақтау, ал біздікі – көрші елдердің мәдениетімен бәсекелестік жасау. Менің әлеуметтік желіде айтқан әр сөзімді аңдып отырамыз дегендеріңіз – масқара! Бұл менің жеке парақшам!" делінген жазбада.
Әнші Талғат өзін қолдаған барлық адамға алғысын айтып, әділдік орнайтынына сенетінін жеткізді.
Пікір қалдыру