Шығыс Қазақстанда 17 тамыздан бастап медициналық ұйымдар жоспарлы түрде көмек көрсетуді қайта жандандырды

/image/2020/08/19/crop-3_95_671x1192_orig.jpg
Жоспарлы қызметті жандандыру үшін кезеңдік жоспар жасалды. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ШҚО бойынша филиалының мәліметінше, кешеден бері 50-ден астам медициналық ұйым науқастарды қабылдауды бастап кетті.
17 тамыздан бастап кардиологиялық көмек көрсету стационары, кардиохирургия, ортопедия, барлық педиатрлық профиль, хирургия, гинекология, урология, барлық терапевтік профильдер, оңалту, жүкті әйелдерді жоспарлы түрде жатқызу, паллиативті көмек көрсету қайта басталды.
Амбулаторлық-емхналық көмек көрсету ашылды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек беру ұйымдары мен стоматологиялар жоспарлы қабылдауды жүргізуде. Сондай-ақ жоспарлы консультативті-диагностикалық қызмет көрсетіледі.
– Провизорлық стационардың жемісті жұмысынан соң біз науқастарды жоспарлы түрде екінші және үшінші кезең бойынша оңалтуды бастадық. Бұл жарақат, ортопедия, неврология, кардиология бөлімдері жұмыс істейді дегенді білдіреді. Адамдар жолдама бойынша жоғары технологиялық көмек көрсететін емханада немесе стационарда оңалтудан өте алады. Жүрекке, буындарға, омыртқаға, бас миға және жарақат орнына ота жасата алады, - деді Шығыс Қазақстан облыстық оңалту орталығының бас дәрігері Тимур Тортаев. 
20 тамыздан бастап стационарларда, бөлімшелерде, оңалту кезінде стационар алмастырғыш технологиялар жұмыс істейді. Сондай-ақ скрининг пен профилактикалық қарау жұмыстары қайта жанданады.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста 4731 инфекциялық және провизорлық төсек жиналған. COVID-19 шалдыққан науқастарға арналған төсек қорының 16,5 пайызы бос емес. Облыстағы орташа репродуктивтік саны 0,74 құрайды.
Карантиннің жеңілдетілгеніне қарамастан Шығыс Қазақстандағы медицина қызметкерлері облыс тұрғындарын барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, бетперде (маска) кию режимін ұмытпай, бұқаралық отбасылық шараларды ұйымдастырмай, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар