"Балаларым сабаққа бармайды". Қызылордада аналар қашықтан оқуға қатысты шу көтерді

/image/2020/08/25/crop-66_6_1053x1404_mycollages-9.jpg

24 тамыз күні Қызылордада көпбалалы аналар балаларының қашықтан білім алуға дайын емесін айтып, әкімдіктің алдында шу көтерді. Бұл туралы Астана телеарнасы хабарлады.

Телеарнаның хабарлауынша, шенділер жиналғандарды автобусқа отырғызып алып кетіп, жиынды мектепте өткізген. 

– Әр баланың оқу құралдарына отыз мыңнан берілсін. Бізге киім-кешегі керек емес. АСП-ның продуктысын беріп жатыр. Адам жейтін нәрсе емес. Тек сүтін ғана ішіп жатқан шығармын, – деді көп балалы ана Жадыра Салыбаева.

Аналар биліктен қаржылай қолдау сұрап отыр. Олар жаңа оқу жылы басталуына санаулы күн қалса да, қашықтан оқуға қажетті техникалар қолдарына тимегеніне наразы.

Олар компьютер, планшетті қайтарып алатынына шағымданып отыр.

– Компьютер, планшетті қайтып аламыз дейді. Соны бізге қайтарымсыз қылып берсін. Қыркүйектің онына дейін белгілі болады деді. Сол уақытқа дейін балаларым сабаққа бармайды, – деді көп балалы ананың бірі.

Телеарна ақпаратына сай, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов мәселенің барлығы заң шеңберінде шешілетінін, халықтың талап-тілегі орынсыз екендігін айтты.

– Мектептен 9 400-ден астам компьютерлер таратылып беріледі. Қазір жұмыс жүріп жатыр. Республикалық бюджеттен 22 800-ден астам электронды құрылғылар алынатын болады. Мемлекеттің мүлкі болғандықтан, оны таратып бере алмаймыз. Өйткені заң алдында жауап беретін боламыз, – деді ол.

Облыстық білім бөлімінің мәліметінше, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың тоқсан пайызы қажетті техникамен қамтылған. Одан өзге демеушілер есебінен де жүздеген бала құрылғыға қол жеткізіпті. Ал дау тудырған жағдайы төмен отбасының балаларына берілетін заманауи құралдар бір айдың көлемінде иелеріне табысталады деп сендірді. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар