Трамп әкімшілігінің шенеунігіне қазақтың қамшысын қолданып, қол астындағыларға "зорлық-зомбылық жасағаны" үшін шағым түскен. "Қамшы" тілшісі The Washington Post басылымының дерегін негізге ала отырып, Трамп әкімшілігіндегі этикет пен хаттамаларға жауапты ішкі бөлімшедегі қызметкерлер кейбір құқықбұзушылықтар үшін шағымданғанын хабарлайды. Шағымдар туралы баяндаманы мемлекеттік департаменттің ішіндегі бақылаушылар (Watchdog) жариялаған.
Баяндама бойынша, Трамп әкімшілігіне қарасты хаттамалар бөлімінің бұрынғы басшысы Шон Лоулер "жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық" деп санауға болатын әрекеттер және қызметтік этикетке қайшы істер жасаған.
Ақпаратқа сәйкес, Лоулер кеңсесінде тұрған қазақтың қамшысын қолданып, қызметкерлерге қыр көрсеткен. Басылымның жазуынша, басшының қамшысын Қазақстаннан келген дипломаттар сыйға берген.
"Зардап шекті" делінген қызметкерлер The Washington Post-ке берген сұхбатында Лоулердің гей қызметкерлерді кемсітіп, оларға құрметсіздік тантқанын жеткізген. Мемлекеттік департаменттің екі қызметкерінің айтуынша, бұрынғы басшы Кайл есімді гей қызметкерді "Кайли" деп кемсітіп шақырған.
Қызметкерлердің сөзінше, Лоулер жапон дипломаттарының тобы "гей жұлдыздарына ұқсайтынын" айтып, олардың сыйлықтарын қаламайтынын жеткізген.
Қызметкерлер "Лоулер басқа да қорлайтын пікірлер айтты" деп мәлімдеген. Шағымданушылардың сөзінше, бір топ түрік азаматтары хаттамалар кеңсесіне келгеннен кейін Лоулер оларды "лас" адамдар сияқты "жиіркенішті" деген.
Дегенмен, мемлекеттік департамент басшылығы баяндаманың тұжырымдарын қатаң түрде жоққа шығарды және және бақылаушылардың ақпараттарына күмән келтірді.
Газеттің ақпаратына сәйкес, Лоулер хаттама басшысы қызметінен босатылған.
Пікір қалдыру