Аймағамбетов: Бала жастайынан өз ана тілінде тәрбие алуы керек

/image/2020/09/05/crop-114_12_736x981_86_main_large.jpg

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында білім беру мекемелерінде қазақ тілін оқытуға қатысты ауқымды өзгерістер енгізіліп жатқанын жеткізді.

– Министрлік білім беру мекемелерінде қазақ тілінің оқытылуына қатысты біршама ауқымды өзгерістер жасалуда. Атап айтқанда, енді балабақшаларда ағылшын тілі міндетті пән ретінде оқытылмайды. Бала жастайынан өз ана тілінде тәрбие алуы керек. Осы тұста, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында: "Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс" деген ұсынысы біздің жұмысымызда қолданылады. Бұдан бөлек, қазақ тілінің бағдарламасы да өзгертілмек. Алдағы уақытта грамматиканы оқытуға бөлінетін сағат саны артады. Оқушының дұрыс жазуы мен сөйлеуі үшін, ойын тиянақты және сауатты жеткізудегі грамматиканың орны ерекше. Бұл тұста біз тағы да Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне жүгінеміз, – деді министр.

Ол өз сөзінде "Әліппені" мемлеттік стандартқа енгізілгенін және оның бағдарламасы да дайындалып жатқанын атап өтті.
 
– Оқулық дайындалып апробацияға кіріп, келер оқу жылынан бастап біз бірінші сыныптарға Ана тілімен бірге қайта енгіземіз. Ол Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған методика бойынша дайындалуда. Өйткені қазақ фонетикасын жетік меңгерген ғалым қазақ тілін үйретудің ең оңай принципін ұсынды. Отандық ғалымдар мен баспагерлер қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Жақында Әліппенің жобалық нұсқасын қоғаммен бірге талқылаймыз. Сонымен қатар мектепте қазақ әдебиетінің оқытылуы қайта қарастырылады. Әдебиет пәні аясында оқытылатын шығармалар оқушының жас ерекшелігіне қарай, жанр, кезең, сюжеттік желісінің алуандығы тұрғысынан іріктеліп, отандық классиктердің еңбектері ерекше назарға алынады, – дейді ол.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар