Белгілі спортшы Қуат Хамитов Алматы қаласының полиция департаментіне жеткізілді. Ол қалада дезинфекция жасап жүргендерді халықты улаушылар деп атап оларды ұрып-соғуға, ұшып бара жатқан тікұшақты атып түсіруге шақырып, видеоүндеу жасаған.
Полиция департаменті спортшының тиісті процессуалдық әрекеттер жүргізу үшін департаментке жеткізілгенін, тергеу амалдарының нәтижесі бойынша қылмыстық іске қатысты нақты процесуалдық шешім шығарылатынын хабарлады.
Хамитов қылмыстық кодекстің 272-бабы 3-бөлігі (билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру не жаппай тәртіпсіздікке арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру) бойынша тергеліп жатыр.
Аталған бапқа сәйкес кінәлі деп танылған тұлғаны үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Хамитов әлеуметтік желідегі парақшасына видеоүндеуді жариялағаннан кейін артынан өшіргенімен, видео желіде лезде таралып кетті.
♦ "Бұл – қылмыс". Қуат Хамитовқа қатысты ішкі істер министрлігі пікір білдірді
Бейнежазбада спортшы дезинфекциямен айналысатын адамдар халықты улап жатыр, соғыстағыдай бір адамды тоқтату арқылы, мың адамды құтқаруға болатынын жеткізген. Сондықтан дезинфекция мамандарын ұрып-соғуға, тікұшақты бар болып жатса Калашников автоматымен атып түсіруге шақырған.
Пікір қалдыру