Елде кавасаки синдромына ұқсас ауру бойынша 39 жағдай тіркелді. Бұл туралы "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрайымы Риза Боранбаева мәлімдеді.
– Наурыз айынан бастап жалпы республика бойынша коронавирус инфекциясымен 2,5 мың бала ауырды. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталды. Сондай-ақ коронавирус инфекциясынан кейін балаларда пайда болатын кавасаки синдромы бойынша да жағдай тұрақталды. Бүгінде осы синдромға ұқсас аурумен 39 бала ауырады. Оның ішінде 60%-ы аурудан сауығып шықса, ал 40%-ы қажетті ем шараларын жалғастыруда, – дейді Риза Боранбаева.
Кавасаки синдромы анықталған әр балада COVID-19 ауруының да белгілері болады. Клиникалық көріністері: температураның 38 градустан жоғарылауы, 24 сағат немесе одан да көп уақытқа созылуы, парацетамол, ибупрофен сияқты антипиретиктерге нашар төмендеуі. Сондай-ақ, бірқатар клиникалық белгілер пайда болады, мысалы: дененің бөртпесі, іштің ауыруы, диарея, тыныс алу жүйесінің зақымдануы, жөтел, тыныс алу жеткіліксіздігі, тыныс алу, жүрек ауруы, конъюнктивит, алақан мен аяқтың ісінуі.
Оның айтуынша, қауіпті ауруды үйде емдеудің қажеті жоқ, өйткені бұл қиындық туғызады, тіпті кейде реанимациялық көмек қажет болуы мүмкін. Сондықтан егер мұндай белгілер байқалса, жергілікті дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.
Бұл синдромның нағыз кавасаки ауруынан айырмашылығы барлық жастағы балаларға, соның ішінде жасөспірімдерге, 21 жасқа дейінгі жастарға әсер етеді.
Аурудың алдын-алу үшін, төмендегі кеңестерді ескерген абзал:
- Эпидемияға қарсы барлық шараларды сақтау;
- Адамдар көп жиналатын жерлерде маска кию;
- Көп адам болуы мүмкін ойын алаңдарына, сауда орталықтарына бармау;
- Балалардың қолдарын дұрыс жууға, бетіне тигізбеуге үйрету;
- Үйдегі ойыншықтардың таза болуын қадағалау;
- Жедел-вирустық инфекция белгілері бар адамдармен байланысқа түспеу;
- Жақсы тамақтану және жеткілікті физикалық белсенділікті арттыру.
Кавасаки ауруы – коронавирустық пандемияға дейін болған. Бұл сирек кездесетін ауру, яғни вирустық инфекциядан кейін, генетикалық бейімділікпен дамиды. Бірақ бізде қазір коронавируспен ауыратын балаларда таза Кавасаки ауруы емес, Кавасакиге ұқсас синдром.
Пікір қалдыру