Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин халық арасында интернеттен қорқатындар бар екенін айтты. Бұл туралы ол премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкіметтің селекторлық отырысында хабарлады.
– Халық арасында радиофобтық қорқу бар. Бұл дегеніміз бізге толыққанды интернетті жеткізуге кедергі жасайды. Мысалы, Family Village кешенінде 2-3 тұрғынның арызы бойынша базалық станция алынып, интернетке қолжетімділік тоқтатылды. Одан кейін байланыс операторы қайтадан базалық станцияны орнатуға мәжбүр болды. Бірақ бүгінгі таңда интернет газ, электр энергиясы, су бірінші қажеттілікке айналғанын білеміз. Сол себепті біз біраз заңнамалық өзгерістерді енгізуді ұсынамыз. Олар: Бірінші, кондоминиумдерге байланыс объектілерін алып тастауға тыйым салу. Екінші, жаңа үйлерді пайдалануға беру алдында міндетті түрде оптика желісімен қамтамасыз ету. Үшінші, интернеттің жылдамдығы туралы талаптарды орындау. Төртінші, оптикалық трансмиссияға кіші операторларға тең қолжетімдікті қамтамасыз ету. Жалпы мемлекеттік органның рөлін күшейтетін боламыз, деді – Бағдат Мусин.
Министр 5G ұялы байланыс стандарты елге қашан енгізілетінін атап айтты.
– 5G ұялы байланыс стандартын енгізу бойынша операторлармен бірігіп, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 11 сынақ жүргізілді. Керек желілік диапозондарды да босаттық. Әрі қарай операторларға тарату механизмі қарастырылады. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 5G желілері 2022 жылы іске қосылады. Ал облыстық орталықтарда 2025 жылға жоспарланып отыр, – деді министр.
Пікір қалдыру