Қазақстанның тұңғыш президенті, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдады, деп хабарлады elbasy.kz.
Кездесуде ішкі істер министрі қауіпсіздік кеңесінің төрағасына карантин кезеңінде елде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар, сондай-ақ жеке құрамды эпидемиядан қорғау жөнінде мәлімет берді.
Сонымен қатар ол ішкі істер органдарының халықпен өзара іс-қимылын жақсарту, олардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да атап өтті.
– Мемлекеттік органдардың қоғам үдесінен шыға білгені жөн. Жұртшылықпен тікелей диалог орнатып, азаматтармен кері байланысты жақсарту үшін қазіргі "платформалардың" жұмыс форматын қайта қарау қажет. Басты мақсат – халықтың құқық қорғау жүйесіне деген сенімін және оның қызметінің тиімділігін арттыру, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы президенттің жергілікті полиция қызметін одан әрі реформалау және елдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын сапалы орындаудың маңыздылығын атап өтті.
Пікір қалдыру