Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қазанда Алматының карантинге жабылатыны туралы қауесетке жауап берді.
– Мұның бәрі жалған ақпарат. Бұл процеске қатысқым келмейді. Қаланы жабу болжанбайды. Бізде өсім немесе жаңа штамм туралы хабарлайтын эпидемиологиялық бақылау қызметі бар. Біз жеткілікті түрде қадағалаудамыз, – деді Бекшин.
Бұған дейін Жандарбек Бекшин Алматыдағы коронавирусқа қатысты жағдайды тұрақты деп айтқан.
Айта кетейік, бүгіннен бастап Алматы әкімдігі қаланың халықаралық әуежайында санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту шараларын қабылдады.
Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №54 қаулысын іске асыру шеңберінде қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Алматы халықаралық әуежайында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасында санитарлық-эпидемиялық шараларды қатаңдату жөнінде қаулы қабылдады.
Осыған байланысты Алматы халықаралық әуежайының аумағында халықаралық жолаушылар әуе арейстерімен келетін адамдардың байланыссыз термометриясы жүргізіледі. Әуежай қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Әуежай аумағында міндетті маска режимі және әлеуметтік қашықтықты сақтау талабы сақталады.
Алматы әкімдігінің тапсырмасы бойынша әуежай ғимаратында ұшып шығатын жолаушылар үшін ПТР-диагностикаға лицензияланған сынама алу пункті ашылды.
Дене қызуы жоғары немесе ауру белгілері (жөтел, ентігу, тыныс алудың қиындауы) бар адамдар Алматы қаласы әуежайының оқшаулағышына орналастырылады немесе әуе кемесінің бортынан жедел жәрдем машиналарымен дифференциалды диагностика мен емдеу жүргізу үшін қаланың инфекциялық стационарларына тасымалданатын болады.
ҚР бас мемлекеттік дәрігерінің қаулысына сәйкес, ҚР Мемлекеттік шекарасынан өту кезінде өзге елдің азаматтары қолдарында COVID-19-ға алынған тесттің нәтижесі 72 сағаттан аспағанын көрсететін анықтама болмаған жағдайда, қалаға кірулеріне жол берілмейді.
Шетелден анықтамасыз келген ҚР азаматтары әуежай аумағынан ПТР-тестілеуді өткізу үшін және нәтижелерді күту кезеңінде уақытша мегаполистің қонақ үйлеріне орналастырылады.
Пікір қалдыру