Тұрғымбаев қаза тапқан полицейлердің отбасыларына көңіл айтты

/image/2020/10/15/crop-133_10_525x700_e119c7ce-e130-4fff-8435-871596e210cc.jpeg

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бүгін қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан учаскелік полиция инспекторлары Қанат Отарбаев пен Қанат Хамидуллиннің отбасыларына көңіл айтты. Бұл туралы министрліктің ресми сайты мәлімдеді.

– Олардың кәсібилігі мен парасаттылығын, өз қызметіне адалдығын басшылық та, халық та бағалаған. Олар әріптестерінің арасында сыйлы болды. Ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарымен бірге қайғырады, – деді министр Ерлан Тұрғымбаев.

Бүгін Шучинск қаласында жол-көлік оқиғасынан екі полицей қайтыс болған. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларына қатысып, оқиға орнынан қайтып келе жатқан. Осы кезде "Лексус" көлігінің жүргізушісі жол ережелерін елемей, бағдаршамның қызыл шамынан жоғары жылдамдықпен өтіп, "Нива" қызметтік көлігімен соқтығысқан. Полиция қызметкерлері алған жарақаттың салдарынан оқиға орнында көз жұмды.

Ішкі істер министрлігі мәліметінше, жүргізуші бұрын көлікті мас күйде жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Қазіргі уақытта күдікті ауруханада полицейлердің күзетінде. ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, бұл бапта 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қаза тапқан полиция капитаны Қанат Отарбаев ішкі істер органдарында 16 жыл қызмет еткен. Өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін 22 рет көтермеленген. Артында жұбайы мен үш баласы қалды, олардың ең кішісі 3 жаста.

Қаза тапқан екінші полиция капитаны Қанат Хамидуллин ішкі істер органдарында 12 жыл қызмет еткен және осы уақыт ішінде 23 рет көтермеленген. Марқұмның артында жүкті әйелі мен жеті жасар ұлы қалды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар