Болат Назарбаевтың қоғамдық қоры Мақтааралдағы 20 отбасына жаңа үйлердің кілтін табыстады

/image/2020/10/20/crop-125_5_557x742_0401fa89-acde-4081-9042-67f43fcb05fa.jpg

Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының демеушілігімен Мақтааралдағы су тасқыны кезінде зардап шеккен 20 отбасы баспаналы болды. Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Мырзакент елді мекеніндегі жаңа ықшамауданда орналасқан үйлердің кілті жаңа қожайындарына тегін табысталды.

2020 жылдың 2 мамырында болған табиғи апаттан кейін дереу Болат Назарбаев қоры зардап шеккен ауыл тұрғындарына жаңа үй салуға қаражат бөлді.

Мырзакент елдімекеніндегі жаңа ықшамаудан тұрғындары

Бөлінген қаражаттың көмегімен жергілікті «Нұр Ел» және «Тней-Құрылыс» компаниялары құрылысты бастап кетті. Жұмысшылар үйлерді толығымен жоспарлау және құрылыс стандарттарына сәйкес салды. Төрт бөлмелі үйлер көпбалалы отбасыларына арнайы жоспарланып, тұрғызылды. Бір үйдің жалпы ауданы 100 шаршы метр. Бүгінде барлық үйдің құрылысы толық аяқталып, инженерлік және көліктік инфрақұрылым нысандарына қосылған. Әр үйдің алдына асфальт жол төселіп, сондай-ақ кәріз, газ, су құбырлары және электр, интернет желілері тартылған.

Мырзакент елдімекеніндегі жаңа ықшамаудан

Жаңа баспаналардың кілтін табыстау рәсімінде Қоғамдық қор басшысы Қасым Қасабеков қоныстанушыларды құттықтап, жаңа үйде бақ-береке мен қуаныш көп болсын деп тіледі.

Баспаналы болғандар, өз кезегінде Қоғамдық қор өкілдеріне жаңа үй мен көрсетілген көмектері үшін алғысын жеткізді.

«Салиқалы ұрпақ» қорына осы кезге дейін бізге көмек беріп, жаңа үй салып бергендері үшін алғыс айтамын», - деді Мырзакент елді мекенінің тұрғыны Шара Момбекова.

Сондай-ақ ауылдықтар баспананың сапасы мен бөлмелердің кеңдігін атап өтті.

«Қуанышымызда шек жоқ. Сондай кең, сәулелі бөлмелер. Газ, су, жарық  - бар қажеттілік те ішінде. Біздің отбасымызды осындай қуанышқа кенелткен Қорға үлкен алғысымызды айтамыз», - деп Мақтаарал тұрғыны Баян Молдабекова ағынан жарылды.

Айта кетейік, бұған дейін «Салиқалы ұрпақ» қорынан ауданды қайта қалпына келтіру жұмыстарына 200 миллион теңге аударылды, сондай-ақ 20 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Мақтаарал ауданы бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 20 бала жазғы демалыс лагеріне жіберілді.

«Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры өз жұмысын 2016 жылдың сәуірінен бастады. Қор бірнеше бағытта жұмыс істейді. Алматы қаласындағы және облысындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүгедектерге қаржылай қолдау көрсетеді және ай сайын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырады. Бүгінде 130-дан астам отбасы Қор қамқорлығында.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар