Б.Римова атындағы Талдықорған театрында сахнасында Райымбек ауданы "Хан Тәңірі" театрының шымылдығы қайта ашылды.
28 қазанда "Хан тәңірі" театры М.Мақатаевтың "Аққулар ұйықтағанда" поэтикалық сазды драмасының премьерасын өткізді.
Қойылым режиссері – Асқар Наймантаев.
"Хан тәңірі" театры араға 23 жыл салып көрерменімен қайта қауышып отыр. Осы айтулы күнде ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов, Халықаралық Абай қорының директоры Аслан Ғафуров арнайы келіп, театр тұсаукесеріне құтты болсын айтты.
Театр ұжымы кәсіби әртістерден емес, өнерге жанашыр жергілікті мәдениет үйіннің қызметкерлерінен жасақталған. Актерлер шығарманы басқа қырынан көрсетіп, жаңаша сипатта сахналады.
Қойылым адамзаттың сантүрлі ағымдарға қосылып, адасып бара жатқанын, табиғатқа жасаған аяусыз қиянатын айқын суреттейді. Сол орайда Қарасаздық қос ақын Мұқағали мен Еркін Ібітановтың бейнелері қауышып, қойылымды ерекшелендіре түседі.
"Хан тәңірі" театры болып қайта құрылып жатқан театр алғаш 1963 жылы құрылған. Өнер ұжымының ол кездегі аты "Нарынқол" халық театры болатын.
Сол кездегі ұжым 1963 жылы "Нарынқол Халық театры" атағын қорғаған еді.
Театрдың ірге тасын қалаушылардың бірі әрі алғашқы режиссері Мақай Нұрқасов.
Театрдың негізін қалаушылардың қатарында айтулы ақын Еркін Ібітанов, жазушы Тұрсынбек Тілемісов, Тұрақан Сыдықова, Майдан аға, Мэлс Серғалиев, Клара Қалиева, Нұрлыбек Жылқыайдаров бар.
"Халық театры" атағын Алматыда қорғаған соң бұл театрға ерекше көңіл аударылады. Қазақ ССР-і мәдениет минстрлігі ауыл мәдениетін көркейту үшін кәсіби мамандарды осындай халық театрларына көмекке баруына, кеңесші болып, үйретуге, оқытуға арнайы тапсырма береді. Сол кездері М.Әуезов театрында қызмет істеп жүрген актер, режиссер, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Алдаберген Нұрбеков Нарынқол халық театрына режиссер болып тағайындалады.
Алдаберген Нұрбеков кәсіби маман болғандықтан Нарынқол халық театрына жеке штат бөлініп, актерлары басқа жұмыстардан босатылып, тек театрда ғана еңбек ететін жеке мекеме ретінде кәсіби театр болып құрылады.
Өзге театрларда ауыл еңбеккерлері, мұғалімдер немесе өнерге бейімі бар адамдар бос кездерінде келіп театр жұмысына қатысып жүрсе, Нарынқол театры бөлек отау құрады. Бір жағынан Алматы қаласына жақындығы театрдың шығармашылық өсу, өркендеуіне көп септігін тигізеді.
Әрбір жаңа спектакльдің премьерасына Асқар Тоқпанов, Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Ыдырыс Ноғайбаев сынды шеберлер келіп, сын-ескерпесін айтып, ақыл қосып жүрді. Алдаберген Нұрбековтың өзі де театр артистерін кәсіби деңгейде тәрбиелеп, театр туралы әдебиеттер мен оқулықтарды алғызып, қойылымдарды сахналау барысында оқытумен де айналысты.
Алдаберген Нұрбеков зейнетке шыққан соң аз уақыт Жанұзақ Қырманшиев режиссер болады. Ол да театр студиясын бітірген, режиссерлық білімі жетілген, кәсіби сахнада ұзақ жыл еңбек еткен білімді азамат еді. Тек өмірі қысқа болды.
Содан кейін ұзақ жылдар Әбдіғалым Наймантаев режиссер болды. Әбдіғалым Наймантаев пен зайыбы Рафия Райжанова Нарынқол театрына 1964 жылы келген екен. 1963 жылы Қазақ ССР-інің халық артисі Дәнеш Рақышев Панфилов ауданы Үшарал ұжымшарында халық театрын ашып, Мәскеуге алып барады. Ол театрдың да алғашқы құрамы керемет еді. Қазіргі танымал актер, асыл ағамыз Нұржұман Ықтымбаев, Дәнеш ағамыздай сері, әнші Ерғали Наймантаевтар еңбек етеді. Сол Мәскеу сапарынан келген соң, ол кезде Панфилов ауданы Алматы облысына қарағандықтан, сахнада ерекше көзге түскен Әбдіғалым мен Рафияны байқап қалған Алдаберген Нұрбеков мәдениет минстрлігі арқылы табандап отырып алып, екеуін Нарынқолға ауыстырып алады.
1978 жылы Әбдіғалым Наймантаев басқарған тұста театр қазіргі Қайнар ауылына, Н. Крупская атындағы ұжымшарға көшеді. Себебі Нарынқолдың орталығындағы "Қазақстанның 40-жылдығы" атындағы ұжымшар картоп кеңшары болады. Ал, халық театры ұжымшардың балансында болу керек екен. Театр Қайнарға келген соң екі жылдан кейін ауылдың үлкен Мәдениет үйі пайдалануға беріледі. Әбдіғалым Наймантаев 1971 жылдан мезгілсіз қайтыс болған 1984 жылға дейін театрдың режиссері болды. Аяулы жары Рафия аудан тарап, театр қызметін тоқтатқанға дейін еңбек етеді.
Әбдіғалым Наймантаевтан кейін театрды аз уақыт, оқуға кеткенше ұлы Асқар Наймантаев, сосын бір-екі жыл Әбіш Мейірманов (қазір Кеген ауданы, Тасашы ауылында тұрады), кейін Ибрагим деген театр-көркемсурет институтының түлегі, одан кейін Бақытжан Атакелдиев (қазір Шеңгелді ауылында тұрады) басқарды.
Халық театрында ұзақ жыл табанды еңбек етіп, ел құрметіне бөленген әртістер аз емес. Молардың қатарында Мэлс Серғалив, Клара Қалиева, Екен Әбілдаев, Мұхамед аға, Төлеген аға, Бақытжан Атакелдиев, Несіпхан Бектемірова, Света Базарбаева, Аманкелді Төлебаев, Еркін Әбдіқалов сияқты әртістер бар.
2018 жылдың сәуірінде Райымбек ауданы қайта ашылды. Сол кездегі әкім марқұм Жолан Омаров өнердің қарашаңырағын қайта көтеруге мұрындық болып, орайластырып келе жатқанда Талғар ауданына ауысып кетті. Бірақ игі бастама аяқсыз қалмады. Орнына келген аудан әкімі Нұржан Кеңесұлы театрдың қайта жаңғыруына ықыласты болып, облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының басшысы Марлен Көлбаевтың қолдауымен бүгін Талдықорған төріне келіп, "Хантәңірі халық театры" атағын қорғады.
Пікір қалдыру