Қасым-Жомарт Тоқаев "Солтүстік экономикалық ынтымақтастық-2020" халықаралық форумында бейнеүндеу жасады, деп хабарлады Ақорда сайты.
Сайт мәліметінше, бүгін Сеул қаласында "COVID-19-дан кейінгі жаһандық өзгерістер және солтүстік экономикалық ынтымақтастықтың келешегі" тақырыбындағы шара басталған.
"Мемлекет басшысы Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин бастамашы болған "Жаңа Солтүстік саясат" стратегиясын жоғары бағалады. Оның өркендеген, өзара байланысы мығым және тұрақты Еуразия құру көреген идеясын құптады.
Тоқаев Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың маңызын айта келе, жүз мың корей қауымдастығының екі ел арасындағы қарым-қатынасқа қосқан үлесін атап өтті" делінген президент ресми сайтының хабарламасында.
– Кореяның Қазақстан экономикасына жасаған инвестициясы 7 миллиард доллардан асты. Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан, екіжақты тауар айналымы артты. Орталық Азияның барлық бес елінің ортақ жалпы ішкі өнімнің 70 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Корей мемлекеті жетекші инвесторлардың арасындағы 10-орынға ие. Бұл ретте, өзара тиімді ынтымақтастықты одан ары жалғастырудың әлі де пайдаланылмаған үлкен әлеуеті бар, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы әлемдегі ұзаққа созылған мұнай дәуірінің аяқталып келе жатқанын айтып, Қазақстан үшін жан-жақты, тұрақты экономика құрудың ерекше маңызды екенін атап өтті.
– Осыған байланысты мен жаңа экономикалық бағыттың бастамашысы болдым. Бұл бағыт құрылымдық реформалармен ғана емес, сондай-ақ барынша қарқынды әрі мықты мемлекет құрумен байланысты. Қазақстан корей инвесторлары үшін арнайы әзірленген құралдарды ұсынуға әзір. Бұл ретте, салық және кеден артықшылықтары, жобаларды қоса қаржыландыру, экспортты қолдаудың ішінара кепілдіктері мен тетіктерін айтуға болады, – деді ол.
Сөз соңында мемлекет басшысы форум қатысушыларына жұмыстың табысты болуын, Оңтүстік Корея президенті мен үкіметінің бастамаларына сәттілік тіледі.
Пікір қалдыру