Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған «Шәмші әлемі» атты концерт өтті.
Концерт Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Дирижер - композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов болды.
«Мен өте бақыттымын. Бүгін мен 15 жасар бала кезімді есіме түсірдім. Әкемнің 50 жасына арналған концертті осы театрдың амфитеатрында тамашалағанмын. Міне, одан бері 40 жыл өтіпті. Ал осы өнер ордасына дирижер болып келгеніме – 25 жыл. Бүгін менің балаларым сахнада өнер көрсетті, өте қуаныштымын. Ән кешіне келер болсам, біз бағдарлама бойынша Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Александр Беляковпен және белгілі композитор Ринат Ғайсинмен жұмыс істедік», - дейді Мұхтар Қалдаяқов.
Көрермен 50-60 жылдардағы Алматының ретро атмосферасына куә болды. Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының үздік солистері композитордың жиырмадан астам әнін орындады. Атап айтқанда «Әнім сен едің», «Кешікпей келем деп ен», «Ақ бантик», «Қайдасың», «Бақыт құшағында», «Менің Қазақстаным» және басқа әндер.
Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Гүлзат Даурбаева студенттік шағында Шәмші Қалдаяқов атындағы ән фестивалінің лауреаты болғанын айтты.
«Бүгін мен Шәмші ағаның екі әнін орындадым. Композитор мұрасы әрқайсымыздың жүрегімізде. Студент кезімде маған Шәмші ағаны көру бақыты бұйырды. Ол кісі маған батасын берген. Композитордың 90 жылдығына арналған концертте халықтың жүрегінен мәңгілік орын алған әндер шырқалды. Оның артында талантты ұрпақ қалғанына қуаныштымын «, - дейді әнші.
Пікір қалдыру