"Бұл – маңызды бастама". Министр білім беру жүйесіне өзгеріс енгізді

/image/2020/11/12/crop-109_43_751x1001_2020_08_10_a7fu485093.jpg
2021 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстандағы білім беру ұйымдарының барлығы "Цифрлы бухгалтерия мен қаржы" жүйесіне көшуді бастайды. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
 
– Жаңа жүйені енгізудегі мақсат – көпшілік үшін білім саласындағы қаржыландырудың ашықтығын және тиімділігін бақылауды қамтамасыз ету. Бухгалтерияны, кадрларды, есепке алу мен бюджетті жоспарлауды автоматтандыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алуға және қаржыны тиімді пайдалануды арттыруға жағдай жасайды. Яғни мектептің бюджетіне, оның әрбір жұмсаған теңгесіне қатысты ақпаратқа біздің министрлік, басқа құзырлы мемлекеттік органдар, және азаматтық қоғам өкілдері қол жеткізе алады. Бұл – маңызды бастама. Білім беру саласын қаржыландыру жылдан жылға артып келеді. Әрине, оның қаншалықты жеткілікті немесе жеткіліксіз екендігі туралы көп айтуға болады. Алайда, сол бөлінген қаражатты тиімді пайдалану маңыздырақ.
 
Министр маңызды мәселеге тоқталып, қазіргі білім беру жүйесіндегі қаржы мәселесін түсіндіріп өтті.
 
– Көпшілік мектептерді, балабақшалар мен колледждерді Білім және ғылым министрлігі республикалық бюджет есебінен қаржыландырады деп есептейді. Одан бөлек жалақының уақытылы және дұрыс есептелуі, оқулықтарды сатып алу немесе білім беру ұйымдарындағы жөндеу жұмыстарын да министрліктің өзі тікелей жүргізеді деп ойлайды. Бірақ іс жүзінде олай емес. Заңға сәйкес бұл жұмыс әкімдіктердің құзырында. Елімізде білім беруді басқару органдарының саны 200-ден асады, яғни, қаржыландыру да сол қалалар, аудандар мен облыстардың бюджетінен өтеді. Әкімшілендіру деңгейі әртүрлі әрі көп болған соң оларды қадағалап отыру өте қиын. Сондықтан тіпті облыстық білім басқармаларының өзі көп жағдайда жалақыны уақытылы төлеуге, оқулықтарды сатып алуға немесе мектеп, колледждерді жөндеу жұмыстарына қатысты проблемаларды бұқаралық ақпарат құралдарына шыққанда немесе шағымдар келіп түскенде біліп отырады. Бұл мүлдем дұрыс емес, – деп атап айтты Аймағамбетов.
 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар