Ашаршылық туралы "Ұлы дала зары" фильмінің онлайн премьерасы өтті

/image/2020/11/12/crop-6_138_476x847_42efbac2-3d6a-454d-a42e-79e082da9ba3.jpg

Қазақстанда "MG production plus" кинокомпаниясы ұсынған "Ұлы дала зары" фильмінің онлайн премьерасы өтті. 

1920-1930 жылдарда Қазақстандағы жергілікті тұрғындарының 70%-дан астамы аштықтан көз жұмды. 1,5 миллион адам Отанын тастап, басқа елдерге қашуға мәжбүр болды. Осылайша 10 жылдық аштық кезеңінде 47 миллионнан астам кеңес үкіметінің адамы зардап шекті. "Ұлы дала зары" – осындай нақты тарихи оқиғаларға негізделген фильм. 

Фильмнің шектеулі онлайн көрсетілімі 2020 жылдың қазан айында Қазақстанда www.cinexus.kz онлайн кинотеатрында басталды. Ал әлемдік премьера Азия дүниежүзілік кинофестивалінің онлайн бағдарламасы аясында 2020 жылдың 7 мен 9 қарашасы аралығында Лос-Анджелесте өтті. Онда фильмді 16 миллионнан астам көрермен 3 күн бойы тамашалаған.

"Ұлы дала зары" халықаралық  "Алтын Глобус" премиясына "Шет тіліндегі үздік фильм" аталымы бойынша ұсынылған. 

Аталмыш фильм тақырыптың маңыздылығына қарамастан, мемлекеттен қолдау таппаған. Сондықтан кино өндірісіне ақша жетпей, түсірілім 5 жылға созылған. Фильмнің продюсері Ернар Маликов ашаршылық құрбандарын еске алу үшін тәуекелге барып, барлық дерлік мүлкін сатып, осы фильмді түсірген. Продюсердің осылайша туында аштықтан қайтыс болған және жазықсыз жапа шеккендердің барлығына мәңгілік естелік қалса екен дейді.

Авторлар фильмде ұлтаралық араздықты қоздыратын ештеңе жоқ екенін, тек қазақ халқының бастан кешкен қасіреті, Кеңес Одағының барлық халықтарының шеккен зардабы көрсетілгенін атап өтті.

Фильмде "Махаббат, қызық мол жылдар", "Аруаққа аңшылық", "999" сияқты танымал фильмдер мен телевизиялық жобалар арқылы белгілі Марина Кунарова режиссерлік етіп, сценариін жазған.

Ашаршылық туралы фильм түсіру идеясын продюсер мен режиссер бес жылдан астам уақыт бұрын көтерген. Ұзақ уақыт бойы архивтік материалдарды іздеп, сол жылдардағы жазбалар мен әдебиеттерді зерттеген. Сценарий бірнеше рет қайта жазылған.

Фильмнің мақсаты – ұзақ жылдар бойы үнсіз болған қазақ халқының өткені туралы әңгімелеу. Қазақ халқы ұлт геноцидінен аман қалды, бұл тақырып ондаған жылдар бойы басып-жаншылып отырды. Ал бұл картина бүкіл әлемге тарихи шындықты ашты, – деді режиссер Марина Кунарова.

Көрермен аталмыш фильмді www.cinexus.kz. онлайн кинотеатрынан тамашалай алады.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар