Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда өткен тәулікте 638 адамнан коронавирус, 179 адамнан коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмония анықталғанын хабарлады. 3 адам пневмониядан көз жұмған.
Сондай-ақ өткен тәулікте 326 адам коронавирустан, 65 адам пневмониядан емделіп шыққан.
Қазақстанда ресми дерек бойынша коронавирус тіркелген алғашқы күннен бүгінге дейін 119129 адам вирус жұқтырып, оның 108958-і емделіп шыққан. 1899 адам коронавирустан көз жұмған.
39724 адамнан коронавирус белгілері бар пневмония анықталған. 29416 жазылған, 415 адам өлген.
Қоғамда билік коронавирустан қайтыс болғандар санын азайтып көрсетіп отырғаны туралы пікір бар.
Статистика комитетінің дерегінше, 2020 жылғы мамыр-тамыз айларында қайтыс болғандар саны өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 31 мың адамға көп.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, шетел және Қазақстан ғалымдары коронавирус пен пневмонияның бір екенін дәлелдейтін деректер келтіргеніне қарамастан, денсаулық сақтау министрлігі індетті бөлек қарап, статистикасын да бөлек жүргізіп келеді.
Пікір қалдыру