2021 жылы төрт балалы аналардың жәрдемақысы қысқарады деген ақпараттың рас-өтірігі анықталды. Бұл туралы Еуразия арнасы хабарлады.
Арнаның мәліметінше, әлеуметтік желіде 2021 жылы төртінші баласын дүниеге әкелетін аналар көпбалалы аналардың санатына жатпайды деген алып-қашпа әңгіме тараған. Әңгіменің рас-өтірігін анықтау үшін еңбек министрлігіне хат жолдап, мән-жайды анықтаған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары Асқар Ниязов халықтың ресми ақпараттарға ғана сену керегін айтты.
– Ресми ақпарттарға ғана сүйенуге, сенуге шақырамын. Жалған ақпарат таратпаңыздар. Бұл бағытта менің айтарым – көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі. 2000 жылдың басынан келе жатқан жүйені алып тастау қаралған жоқ. Өздеріңіз білесіздер, биылғы жылдан бастап, отбасының құрамындағы бала санына қарай әлеуметтік төлем жүйесін дифференциалды түрде тағайындауды жүзеге асырдық, – деді ол.
Министрліктің мәліметінше, елімізде көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны 400 мыңға жуық отбасы алды. Ал 1 шілдеден бастап көпбалалы отбасылар мөлшері өзгертілген жәрдемақыға қол жеткізген.
– Мысалы, өткен жылдары отбасыларға жалпы төленетін ақшаның көлемі 10 500 теңгені құрап отырды. Қазіргі таңда 4 баласы бар отбасыға 44 500 теңгенің көлемінде жәрдемақы беріледі. 5 баласы болса, 55 мың теңген көлемінде төленеді. Әр бала сайын 11 мың теңге көлемінде қосымша ақы қосылып отырады. Жәрдемақы бесінші, алтыншы, жетінші баламен шектеліп қалып жатқан жоқ. Тіпті сегізінші баладан бастап, әр балаға 4 МРП-дан қосымша төленеді, – деді Ниязов.
Пікір қалдыру