Қазақстанда соңғы екі айда емхана таңдау науқаны жүргізілді. 2020 жылғы 9 қарашадағы мәліметке сәйкес 74 мыңнан астам адам емханаға тіркеліп үлгерді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Медициналық-санитариялық көмек ұйымына тіркелу ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық қызметтің барлық спектрін алу үшін қажет.
Емханаға электрондық үкімет порталы арқылы тіркелуге болады. Ол үшін "Денсаулық сақтау" бөлімінде "Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу" қызметін таңдау қажет. Ондағы сұрақтарға жауап бергеннен кейін, өтініш автоматты түрде емханаға түседі. Егер барлығы дұрыс толтырылса, өтініш берушіге медициналық мекеменің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған тіркеу туралы хабарлама келеді.
Сонымен қатар МСАК ұйымында бұл қызмет зейнеткерлерге, мүгедектерге, патронат тәрбиешілерге, колонияда жазасын өтеп жатқандарға, студенттерге мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлерге, шетелде дүниеге келген балаларға, сондай-ақ сенімхат бойынша тіркелуді ресімдейтін адамдарға көрсетіледі. Ол үшін өтініш жазып, жеке басын куәландыратын құжатты көрсету керек.
Бекіту науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген және ТМККК және МӘМС бойынша Медициналық қызметтер көрсетуге үміткер медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі. Толығырақ ақпаратты Қор сайтының «Емхананы таңдау» бөлімінен біле аласыз.
Айта кету керек, МСАК ұйымына тіркелген азаматтар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде осы ұйымда медициналық көмекті ала бастайды.
Пікір қалдыру