Министр: Көпбалалы аналарға берілетін кредит ұлғайтылды

/image/2020/11/13/crop-86_3_464x618_2020-11-13_16-25-34.png

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов "Еңбек" бағдарламасы бойынша әйелдерге кредит беру көлемі ұлғайтылғанын айтты. Бұл туралы ол онлайн режимде өткен ауыл әйелдерінің III форумында мәлімдеді.

– Ауылдың өркендеуіне әйелдердің қосып жатқан үлесі өте зор. Әйелдердің бастамаларына, ауыл әйелдеріне қолдау көрсету – маңызы бар іс. Бүгін де біздің еңбек нарығы жұмыспен қамтушы әйелдердің жоғары деңгейі мен білікті қызметкерлердің болуымен сипатталады. Ресми статистикаға жүгінсек, біздің елімізде экономикалық белсенді халықтың саны 9 млн 200 мыңға жетті. Оның жартысы – 4,5 миллионы әйелдер. Олардың 95 пайызы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 1 млн 100 мыңы ауылда еңбек етіп жатқан әйелдер, – деді министр.

Оның айтуынша министрлік өз тарапынан жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, заманға сай дағдыларды үйрету бағытында бірқатар шаруа атқарылып келеді.

– Елімізде іске асырылып жатқан "Еңбек" бағдарламасы халқымызды жұмыспен қамтуға бағытталған. Біздің бағдарламада әйелдерге ерекше басымдық берілген. Биыл осы бағдарлама бойынша 246 мың әйел қатысты. Оның ішінде ауылда тұратындары – 123 мың адам. Осы жылы біз өз тарапымыздан бағдарламаға өзгеріс енгізіп, әйелдерге кредит беру шаралары кеңейтілді. Бізде осы жылдан бастап көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар кредит алып жатыр. Олар 22 млн теңгеге дейін ала алады, – деп атап айтты Нұрымбетов.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар