Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қалыптасқан санитарлық-эпидемиологиялық ахуал және пандемияның ықтимал жаңа толқынына дайындық туралы айтты. Оның сөзінше, Алматы КВИ аухалының нашарлауына дайын. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматыда 18 қарашадағы ахуалы бойынша қалада коронавирус инфекцияның 15 325 оқиғасы тіркелді, оның 9251-і симптомды, 6074-і симптомсыз. Анықталмаған пневмония – 1099 оқиға. 100 адамға шаққандағы көрсеткіш – 767, 58. Тәулік ішінде КВИ-дің 35 оқиғасы тіркелген, оның ішінде 22 оқиға симптомды, 13 симптомсыз, анықталмаған пневмонияның 4 оқиғасы тіркелді.
Алматы әкімі Б. Сағынтаев науқастардың 30%-ға жуығының аға буын өкілдері екеніне алаңдаушылық білдірді. Атап айтқанда, КВИ жұқтырған науқастар арасында 40-59 жастағылар – 28 (32%) адам, 60 жас пен одан жоғары жастағылар – 240 (27%) адам. Осыған орай, Б. Сағынтаев қала тұрғындарын егде жастағы жақындарына жанашырлық танытуға шақырды.
– Жастар санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтамай, адамдар көп шоғырланған жерлерге барып, вирусты үйге әкеледі, ата-аналары мен туыстарына жұқтырады. Сондықтан мен барлығының қырағылық пен сақтық танытуларын сұраймын, – деп атап өтті Б.Сағынтаев.
1 қазаннан 16 қараша аралығында КВИ инфекциясының жұқтыру оқиғасының 53%-ы қоғамдық орындарда болғандығы анықталды, олар: сауда және ойын-сауық орталықтары, дүкендер, базарлар және қоғамдық көліктер.
Әкімнің айтуынша, Алматы қаласының тұрғындары мен қала қонақтары санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға тиіс.
Б. Сағынтаев КВИ пандемиясының ықтимал екінші толқынына дайындық туралы айта келіп, Алматыда ковидтік госпитальдерде резервтік орындардың құрылғанын еске салды. Қуаттылығы 7226 төсек-орын болатын 32 ковидтік стационар әзірленді, оның 250-і жансақтау орындары. Соңғы айлар ішінде екі жаңа емхана салынды – 500 төсек-орынды инфекциялық госпиталь; 300 төсек-орынды жаңа модульді стационар.
Пікір қалдыру