«Nur Otan» Саяси кеңесінің отырысы өтті

/image/2020/11/23/crop-148_10_573x1018_db8c2b10-41ea-4869-9862-acc868b9a806.jpg

XX съезд қарсаңында партияның Орталық аппаратында «Nur Otan» Саяси кеңесінің отырысы өтті. Бейнеконференция байланысы режимінде ұйымдастыру мәселелерімен қатар партияның соңғы 5 жылдағы қызметінің қорытындылары қаралды.

«Nur Otan»-ның бесжылдық жұмысын қорытындылай келе, партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партияның 234 қоғамдық қабылдау бөлмесі сайлауалды бағдарламаны бақылау мен «кері байланыстың» пәрменді тетігі болғанын атап өтті.

Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Nur Otan» 2014 жылы елімізде бірінші болып «Электронды партия» жобасы аясында қоғамдық онлайн-қабылдау бөлмесін, веб-портал ашып, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы коммуникацияның жаңа арналарын енгізе бастады.

Фото: «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі

«5 жыл ішінде партияға шамамен 1,2 млн. адам жүгінді, оның 30%-і өтініштерін онлайн жолдады. Өтініштердің 92%-і бойынша оң шешім қабылданып, тегін кеңес беріліп, құқықтық көмек көрсетілді. Нұротандық депутаттар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары 180 мыңға жуық қабылдау өткізіп, 340 мыңнан астам азаматты қабылдады. Өтініштердің 72%-і оң шешімін тапты, 28%-і бойынша түсіндірмелер мен қажетті кеңестер берілді», - деді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, пандемияға қарамастан, қоғамдық қабылдаулардың жұмысы онлайн форматта жалғасып, электронды түрде 339 мың өтініш қабылданған.

«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық өсуде. Қиын-қыстау жағдайға тап болған отбасыларға, әйелдер мен балаларға кешенді көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін тәулік бойы жұмыс істейтін «111 шұғыл қызмет» байланыс орталығы іске қосылды. 2 айдың ішінде 3 мыңнан астам өтініш бойынша заң кеңестері беріліп, психологиялық көмек көрсетілді. Бұл – ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүйелі жүзеге асырудың көрінісі», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Фото: «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі

Осы орайда, ол Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, «Nur Otan» партиясы нақты әлеуметтік топтардың мәселелерін жобалық тәсіл негізінде шешетінін атап өтті.

Мәселен, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын жүзеге асыра отырып, ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің 200 мыңнан астам әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері шешілді. «Бақытты отбасы» жобасы аясында 1300-ден астам білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелеріне мониторинг жүргізілді, бала құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру тұрғысынан заң жобаларына 45 ұсыныс енгізілді.

«Кедергісіз келешек» жобасының арқасында ерекше қажеттіліктері бар 40 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылып, 24 мыңнан астам нысан соларға ыңғайландырылды. Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептерде 43 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды.

«Елбасы, партия Лидері Н.Ә. Назарбаев қойған міндеттердің шешілуін, алынған міндеттемелердің орындалуын бақылауды Партиялық бақылау комитеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес іске асырады. Соңғы 5 жыл ішінде партиялық басты органдар түрлі мемлекеттік және партиялық органдарға 800-ден астам ұсыным әзірледі. Мәселен, Партиялық бақылау комитетінің араласуымен 9,3 мың медицина қызметкеріне өтемақы төленді», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес те партия үшін принципті мәселе болып қала береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес «Jas Otan» Жастар қанатымен бірлесіп жоғары оқу орындары мен колледждерді тексерді. Нәтижесінде 10 мыңнан астам студенттің жатақханалардағы өмір сүру жағдайы жақсарды.

«Жастар – Отанға!» бағдарламасы аясында соңғы 5 жылда 13 мыңнан астам жас буын жұмысқа тұрды. Жастар бастамаларының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын қаржыландыру 2,5 есе өсті.

«Nur Otan» партиясы қоғамдық-саяси ұйымдардың ішінен алғашқылардың бірі болып пандемияның әлеуметтік-экономикалық салдарына қарсы тұрды. Елбасы, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры 2,2 милионнан астам адамға, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы 2 мыңнан астам медицина қызметкеріне материалдық көмек көрсетті. Халықтың неғұрлым аз қорғалған топтарына жататын 100 мың отбасына 5 млн. медициналық маска тегін таратылды. 1 млн-нан астам адам 4,4 млрд. теңге сомаға бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. Мақтааралда су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға арнап 32 үй салынып, 1 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілді», - деді Бауыржан Байбек.

Бауыржан Байбектің айтуынша, пандемия мен күрделі экономикалық ахуалға қарамастан, партия белсенді жұмыс жүргізді, өзінің барлық әлеуметтік сайлауалды міндеттемелерін орындады және сайлаушылардың сенімін нығайтты.

Ашықтық пен есептілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, «Nur Otan» 2014 жылдан бастап жыл сайын БАҚ-та шығыстардың барлық баптарын көрсете отырып, қаржылық есебін жариялап келеді. Партия бастамасымен Есеп комитеті екі рет тексеру жүргізіп, барлығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес келетінін анықтады.

«Көшбасшылықты сақтау үшін уақыт талабына жауап бере отырып, өзгеру қажет. Елбасы айтқандай, «Nur Otan» одан әрі дамуды жалғастыра беруі тиіс. Сондықтан өткен жылы партия басшысының тапсырмасымен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партияны қайта жандандыру бағдарламасы қабылданды. Биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыруға байланысты шаралар қолға алынып, партияның Мәжілістегі және мәслихаттардағы депутаттық фракцияларының жұмысы жандандырылды. «Партия қатарын тазарту» аясында Жарғы мен Этика кодексін сақтамағаны, партиямен байланысты жоғалтқаны үшін 240 мыңнан астам адам, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін 610 адам партиядан шығарылды. Өз кезегінде «Nur Otan» праймеризі еліміз үшін елеулі саяси оқиғаға айналып, іс жүзінде «Мықты лидерлер – Мықты партия» формуласын іске асырды», - деп қорытындылады жетекші партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Саяси Кеңес отырысы барысында Павлодар облысынан жас ғалым Ирина Чидунчи партияішілік сайлауға қатысты пікірімен бөлісті.
«Барлық павлодарлық әйелдер атынан Елбасымызға ауқымды жобаға қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіріп, елдегі болып жатқан өзгерістерден сырт қалмайтынымызға, Қазақстанды бірге өркендету үшін барлық күш-жігерімізді жұмсайтынымызға сендіргім келеді», - деді И.Чидунчи.

Түркістан облысынан праймеризге қатысқан Бекарыс Шойбековтың айтуынша, биылғы праймериз қарапайым азаматтардың саясатқа араласуына жол ашып, қоғам тарапынан жоғары бағаланған.

«Бүгін «Nur Otan» партиясы өз жұмысына жаңа формат енгізді, оны көріп отырмыз. Тұңғыш рет республикалық ауқымда праймериз өткізілді. Сондай-ақ, әрбір өңір, қала және аудан бойынша дайындалған 216 сайлауалды бағдарлама халық арасында жан-жақты талқыланды. Бұның барлығы – Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партияны «қайта жандандыру» жөніндегі бастамасының арқасында жүзеге асты. «Nur Otan» нағыз халықтық партия екенін дәлелдеді, - деді Саяси кеңес мүшесі Бақытжан Жұмағұлов.

Саяси кеңес отырысының қорытындысы бойынша Үкіметтің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі есебі алдын ала мақұлданды, партияның Жарғысы мен Саяси Доктринасына өзгерістер қаралды. Праймериздің 78 жеңімпазы енген Мәжіліске арналған партиялық тізім, сондай-ақ жұмыс органдарының құрамы мен партияның кезектен тыс XX Съезінің күн тәртібі бекітілді.

«Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар