Тоқаев Қарағандыдағы мектеп-гимназияға Абайдың атын беруді қолдады

/image/2020/11/23/crop-4_1_500x889_100615587800.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында жаңадан салынған 1200 орындық мектеп-гимназияны және Қарағандыдағы бірқатар спорт нысанын аралап көрді. Бұл туралы akorda.kz сайты хабарлады. 

Президентке жаңа мектептегі заманауи құралдармен жабдықталған кабинеттер, STEM-лаборатория, роботтық техника және зияткерлік бөлмелер, мектеп телестудиясы мен медиастудия көрсетілді. 

Тоқаев жаңа мектеп-гимназияға Абайдың есімін беру жөніндегі ұсынысты қолдады. Оқу ошағы ұлы ақын әрі ойшылдың мұраларын зерттеу, насихаттау орталығына айналады. Мектеп базасында қалалық қана емес, облыстық іс-шаралар да өткізіледі. Ол үшін 700 орындық акт залы бар. Оның іші Абай шығармашылығымен безендірілген.

Жаңа оқу жылында өңірдегі 504 мектепте 204 мың оқушы, соның ішінде, 22 мың бірінші сынып оқушысы білім алуда.

Контингенті 300-ден аспайтын 279 мектеп штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Мұндай оқу орындарында 29 мыңға жуық оқушы оқиды. Бастауыш және бесінші сынып оқушылары үшін 6166 кезекші сыныптар ұйымдастырған. Бұл сыныптарда 77 мыңнан астам бала оқып жатыр. Бүкіл білім беру мекемелерінде санитарлық режим барынша күшейтілген.

Фото: akorda.kz

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қарағанды қаласындағы жаңадан салынған теннис орталығының жұмысымен танысты. Орталықта бір мезгілде 650 бала жаттыға алады.

Нысанның инфрақұрылымы әлемнің ең озық стандарттарына сай келеді. Мұнда 11 корт бар, оның 7-уі жабық. Сонымен қатар жалпы және арнайы дене шынықтыру жұмыстарына арналған залдар бар.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа орталықтың техникалық жабдықталуы туралы егжей-тегжейлі баяндалды. 

Қала өміріндегі осындай маңызды нысанның пайдалануға берілуімен құттықтаймын. Біз қазір бұқаралық спортты дамытуды мақсат етіп отырмыз. Мына спорт орталығы барлық балалардың үлкен тенниспен шұғылданып, денсаулығын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл көпжақты әрі ыңғайлы нысан. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Жәмішұлы Өтемұратовқа ризашылығымды білдіремін, – деді мемлекет басшысы.

Фото: akorda.kz

Орталықтың жалпы көлемі 7,8 мың шаршы метрді құрайды. Онда мәжіліс залы мен 2 кафетерий және қонақ үй кешені бар.

Шаһар шаруашылығын дамытудың үздік әлемдік тәжірибелеріне сәйкес теннис орталығының айналасындағы 1,5 гектар аумақ толығымен абаттандарылыплып, көгалдандырылған. Нысан құрылысына жеке инвесторлар 2,4 млрд теңге көлеміндегі қаражат салған.

Сонымен қатар Тоқаев үстел теннисі орталығының жұмысымен танысты. Орталықта күніне 400 адам үстел теннисін ойнай алады.

Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытудың, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын халықтың санын арттырудың маңыздылығын атап өтті. 

Бұл тек жаттығып қана қоймай, халықаралық жарыс өткізуге барлық жағдай жасалған әдемі орталық екен. Үстел теннисінің президенті Данияр Әбілғазинге, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке, Қазақстанның үстел теннисінен бас бапкері Эльмира Әлиеваға алғыс айтқым келеді. Болашақта үлкен жеңіске жетесіздер деп үміттенемін. Көп жаттықсаңыздар, жетістік те мол болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Орталық құрылысына Қазақстан Республикасының Үстел теннисі федерациясы 1 млрд 950 млн теңге қаржы жұмсаған.

Биыл Қарағанды облысында 85 спорт нысаны пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар