"Үйіңді тартып аламыз". Кредитке қатысты заңсыздықтар

/image/2020/11/27/crop-256_31_527x703_065519246000.jpg

Жақындарының жайын ойлап, кредит алып беріп, кейін опық жеп қалатындар аз емес. Сондай-ақ қаражаттан қысылғанда, оңай деп онлайн кредитті де алатындардың қарасы азаймай тұр. Борышкерлер банкке қарызды өтей алмағанда, коллекторлар қоқан-лоққы көрсететінін де естіп жүрміз. Алайда осы әрекеттердің қайсысы заңды? Қарапайым халық заң тұрғысынан нені білгені жөн? Қамшы тілшісі осы тақырыптар төңірегінде заң ғылымдарының кандидаты, PhD докторы Алмас Жұмағалимен сұхбаттасты.

Коллекторлардың "үйіңді тартып аламыз" деуі заңды ма?

Коллектордың олай айтуы түбірімен заңсыз. Үйін тартып алу, түрмеге жаптыру деген әрекеттер тек соттың шешімімен жасалады. Борышкер қарыз болып қалуына байланысты банк үйді арестке қояды. Одан кейін үйді сату арқылы қарызын алады. Бірақ оның өзі де тек қана сот шешімі немесе сот орындаушылары арқылы жүзеге асырылады. Кез келген біреу коллектормын деп, мүлкіңізді тартып алуға еш хақысы жоқ.

Азаматтық келісім шарттарды орындамағаны үшін түрмеге жаптыру деген жоқ. Қылмыстық процестік кодекстің 179-бабы бойынша азаматтық шартты орындамағаны үшін қылмыстық жауапқа тартсын деген полицияға арыз түссе, олар арызды тіркемеуге міндетті. Сондықтан азаматтық шартты орындамағаны үшін қылмыстық жауапқа тарту деген атымен жоқ. Кей коллекторлар халықтың заң білмейтінін және заңды өкілдерге хабарласпайтынын біліп, осындай қоқан-лоқы әрекеттерге барады.

Мұндай кезде не істеу керек? Телефонда кіріс-шығыс қоңырауларды жазатын бағдарламалар бар. Ең бірінші, аты-жөнін сұраңыз. Қандай коллекторлық компания, қай банктың атынан екенін анықтаңыз. "Менің телефонымда сіздің сөзіңіз жазылып жатыр" деп ескертуді ұмытпаңыз. Осы ескертуден кейінгі сөздер ғана сотта толық дәлел болып саналады. Жасырын алынған аудиожазбалар сотта дәлел ретінде қабылданбайды. Жасырын аудионы құқық қорғау органдары, прокуратура ғана жаза алады. Басқа жағдайда ашық түрде жазылған жазбалар заңды дәлелдеме ретінде қабылданады. "Жазсаң жаза бер" дейтін болса, осы мәліметтерді прокуратураға беруге мәжбүрмін деп айтқаныңыз жөн. Бұдан кейін ұзақ уақытқа дейін сізді мазаламайтынына сенімдімін. Егер үнемі мазалай беретін болса, прокуратураға немесе коллекторлық компанияның өзіне арыздансаңыз болады.

Жақыныңызға кредит алып берсеңіз...

Туысына, досына кредит алып беріп, соңынан төлете алмай жүргендер бар. Кәмелеттік жасқа толған адам барлық әрекеттеріне өзі жауап береді. Мұндай жағдайда жақыныңызды қылмыстық немесе азаматтық жолмен жазалай алмайсыз. Оның әу бастан қайтару ниеті болмаған жағдайда қылмыс болып есептелуі мүмкін. Алайда оны дәлелдеу өте қиын. Егер сізден басқа бірнеше адамды осылай алдаған болса, дәлелдей алуыңыз мүмкін. Жеке бір-екі жағдайға бола қылмыстық жолмен дәлелденбейді. Азаматтық жолмен де жазалай алмайсыз. Себебі несие сізді қинап, не құжатқа жалған қол қойып алынбады. Өз еркіңізбен несие алып бергендіктен, заңды түрде жазалау қиынға соғады.

Несие алып берерде көңілде күман болса, жоламаған дұрыс. "Есепті дос айырылмас" дегендей, адамды міндетті түрде әбден тексеріп, оған толық сенген жағдайда ғана несие алып беру керек. Егер жақыныңыз қарызын төлей алмаса, өзіңізге төлеуге тура келетінін ескеріңіз.

Несие рәсімдегенде сақтандыруға келісу керек пе?

Несие шартын алдын ала дұрыстап оқып алу керек. Сақтандыру міндетті ме, міндетті емес пе, біліп алыңыздар. Міндетті сақтандыру заңмен белгіленген. Жалпы ереже бойынша негізі сақтандыру адамның өз еркімен жасалуы керек. Кейбір банктердің шартында сақтандырусыз несие берілмейтіні көрсетілген. Ал кейбірінде сақтандыру міндеттелмейді. Бірақ менеджерлер сақтандыру болмаса, несие бермейміз деуі де мүмкін. Сол үшін банктың шартын оқып, сақтандыру бар-жоғына көз жеткізе аласыз.

Онлайн кредит алудың қандай қаупі бар?

Онлайн кредит беретін қылмыстық топтар тек Қазақстанда емес, Украина, Ресейде де отыруы мүмкін. Бұларды фишинг дейді, яғни "балық аулаушылар". Бірінші қармақты тастап көреді. Егер сіз қармақты қапсаңыз, сіздің мәліметтеріңізді пайдаланып, басқа банктен кредит алады. Көп жағдайда карточканың нөмірін сұрайды. Ал оның келесі бетінде үш сан бар. Оны ешкімге де беруге болмайды. Кез келген күмәнді нәрселер болған кезде сенім телефондарына хабарласқан дұрыс.

Менің тігін машинасын сататын клиентім болды. Біреу сатып алатынын айтып хабарласыпты. "Каспи голд арқылы жібере алмай жатырмын. Сізге күйеуім басқа есепшоттан жібереді. Жеке куәлігіңіздің нөмірі керек болып жатыр" дейді. Содан кейін банк карточкасының номерін де сұратады. Телефон нөміріне келіп тұрған смс-кодты айтып жіберуін өтінеді. Бір уақытта клиентімнің есепшотына көлемді сома келіп түседі. Әлгі әйел күйеуінің жұмысынан "байқамай" ақша аударып жібергенін, Каспи голдына қайта аударып жіберуін өтінеді. Менің клиентім бұл оқиғаға сеніп қалады. Ал шын мәнінде алаяқ әйел менің клиентімнің атынан жеке мәліметтері арқылы кредит алған. Несие алғанда сұралатын смс-код жеке мәліметі тіркелген номерге ғана келеді. Сол себепті "нөміріңізге, есепшотыңызға атака жасалынып жатыр" деп хабарласып, смс кодты сұрайтындарға жауап бермеу керек. Өйткені сізге келіп тұрған смстің қауіптілігі өте жоғары. Айналдырған төрт цифрдің кесірінен атыңыздан кредит алынып, бірнеше жыл төлеуіңіз мүмкін.

Онлайн несие алғысы келген адам не істеу керек?

Біріншіден, онлайн несие беретін сайт банктың немесе микрокредит ұйымының нақты ресми сайты екенін тексеру керек. Заң мұны міндеттемейді, бірақ өзіңіз азамат ретінде білгеніңіз жөн. Кейбір алаяқтар банктың ресми сайтына ұқсас етіп көшірме сайт жасайды. Алданып қалмас үшін ресми сайт ұсынған сілтемеге өту керек. WhatsApp-тағы онлайн кредит беріп жатыр деп келген хабарламаға алданбау керек.

Екіншіден, "нөміріңізге жіберілген смс-кодты айта ғой" деп хабарласқандарға айтпау керек. Банктың немесе микрокредит ұйымының қосымша бағдарламасы болса, қызметкерлер өздері-ақ сол жерден смс-кодты оқи алатынын ескеріңіз.

Кредитке қатысты сіз білу керек қарапайым есеп

Кейде банк пайызы мен артық төлем арасындағы айырмашылық үлкен болып жатады. Осындайда несие шарттарымен жіті танысу, есептей білу өте маңызды.

Мысалы сіз 100 000 теңгені екі жылға алдыңыз. Банкке 320 000 теңге етіп қайтарасыз. Олар 20-22 пайыз жылдық пайыз қосамыз дейді. Енді осыны есептеп көрейік. 320 000 теңгеден қарызға алған 100 000 теңгені алып тастайсыз. Қалған артық төлемді 2 жылға бөлесіз. Сол шыққан сумманы 100-ге көбейтіңіз. Шыққан санды қарызға алған суммаңызға бөліңіз (100 000-ға - ред). Осы санды кредитті неше жыл төлейсіз, сол санға бөлесіз. Егер екі жыл төлесеңіз, екіге бөлесіз. Сонда жылдық пайыз өзінен-өзі шыға келеді. Осы мысалдан 55 пайыз шықты. Сізге банктың айтқан пайызы мен сіздің есептеуіңіз екі түрлі болып шығады. Бірақ оны банкке түсіндіру мүмкін емес. Заң ғылымдарының кандитаты менің өзім дәлелдей алмаймын. Банктер "аннуитет әдісімен есептейміз" деп сылтау айтады.

Алаяқтарға алданып көлік сатып алған клиенттер де кездесті. Адамдар құжатқа дұрыс мән бермейді. Құжат кімнің атына рәсімделгенін, ол адам қайда екенін анықтамайды. Егер көліктің иесі болмаса, нотариус арқылы сенімхатын алған жөн. Сенімхаты болмаса, күмәнді деген сөз. Қанша тиімді ұсыныс жасаса да мұндай мәмілелерден бас тартқан абзал. Алаяқтар адамдардың ең әлсіз психологиялық тұсын біліп алған. Соған байланысты "айналдыра" бастайды. "Жылы" клиентін "ыстық" клиентке айналдыру үшін барын салады.

Несие арқылы жасалған алаяқтық әрекеттерді дәлелдеу өте қиын. Олар тақырға отырғызып кетеді. Несиеге келгенде, жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек. Кез келген күмәнді нәрсені банк, не микрокредит ұйымы арқылы тексерген абзал. Егер өзіңізге сенімсіз болсаңыз, қаржыгердің көмегіне жүгінген жөн. Адамдардың көбі іс насырға шапқанда барып заңға жүгінеді.

Қаржы жөнінен мектепте де, университетте де толық білім берілмейді. Содан соң адамдар заңнан бейхабар болып жүреді. Ең қарапайым құқықтар мен міндеттерді үйрететін "Қайраткер" курсын аштым. Ішінде тапсырмалары да бар. Халықтың қаржы сауатын ашу үшін бүгінде онлайн түрде үйретіп жатырмын.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар