30 қарашада Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Елі сүйген, Елін сүйген Елбасы» атты сұқбат кездесу өтті.
ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев жиынның Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында өтіп отырғанын атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – барша қазақстандықтар үшін ерекше мереке.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды құрып, дамытудағы қайраткерлік тұлғасы мен тарихи миссиясын паш етеді. Қазақстанның Тәуелсіз, зайырлы отыз жылдық жаңаша тарихының әрбір кезеңінде Ұлт Көшбасшысының саяси қолтаңбасы айқын көрінеді.
Елбасы Қазақстан халқын бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылдырып, елімізді ұлтаралық келісім мен бірліктің мекені ретінде әлемге танытты», – деп атап өтті.
Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев биылғы Ассамблеяның 25 жылдығының басты оқиғасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен 11 қарашада өткен Ассамблея Кеңесіне тоқталды.
«Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы ретінде тәуелсіздіктің бүкіл кезеңіндегі бірлік пен келісім саясатын сараптап берді. «Ассамблея азаматтық қоғамның әмбебап құрылымының барлық үздік сипаттамасына ие болып, достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім – Қазақстанның қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін маңызды үлес қосты. Тәуелсіздігіміздің дамуы мен ұлттың қалыптасуының жолында дәл осылар негізгі алғышарт болды» деп атап өтті. «Отбасының амандығы, бірлік, қонақжайлық және еңбексүйгіштік, ынтымақ пен құрмет, бір-бірімізді қолдауға және өзара көмекке дайын болу» сияқты Қазақстан халқының ортақ құндылықтарына тоқталды.
Қоғамдық келісім мен бірліктің қазақстандық үлгісін одан ары жетілдірудің стратегиялық бағыттарын белгіледі. Тұңғыш Президент «Отанға деген сүйіспеншілігімізді үнемі қастерлеп отыру, оның тарихи тағдыры үшін ортақ жауапкершілігімізді нығайту» қажеттігін тапсырды», – деді ол.
Жиынға Елбасының жанында жүріп, саяси мектебінен өткен, өмірлік тәжірибесінен сабақ алған, сұқбат құрған азаматтар, атап айтар болсақ: ҚР Президенті Архиві жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы, көптеген ғылыми еңбектердің авторы Борис Әлікенұлы Жапаров; ҚХА Кеңесінің мүшесі, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің 2001-2004 жылғы Баспасөз хатшысы Жанай Сейітжанұлы Омаров, «Ахыска» түрік этно-мәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зиятдин Исмиханұлы Касанов; «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, ҚР Президенті сыйлығының иегері Қали Қошқарұлы Сәрсенбаев; «Уйғуравази» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, «Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ершат Моллахунұлы Асметов қатысты. Жиналғандар қоғам өмірінде, жастар арасында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мемлекет қалыптастырудағы тарихи рөлін айшықтау мақсатында Елбасымен кездескен естеліктерін бөлісіп, ой өрбітті.
ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған дөңгелек үстелден кейін қатысушылар «Нұрсұлтан Назарбаев: әлемдік ауқымдағы саясаткер» атты халықаралық онлайн конференциясына қосылды.
Пікір қалдыру