Ұсталғаны хабарланған Ақтөбе облысы мәслихатының депутаты Аркадий Ни ісі төңірегінде түрлі ақпарат тарап жатыр.
Депутаттың ұсталғаны туралы ақпарат шыққанын алғаш премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі Ербол Еділов telegram каналында хабарланған.
Артынша, Ақтөбе облыстық полиция департаменті tengrinews.kz тілшісіне депутаттың ұсталғанын растаған. Бірақ қандай айып тағылып отырғанын ашып айтпады.
Ұзамай NurOtan партиясының Ақтөбе облыстық филиалы саяси кеңес бюросы Аркадий Ни партия қатарынан шығарылғанын мәлімдеді.
Қылмыстық іс туралы нақты ресми ақпарат тарамағанымен, түрлі telegram арналар мен бірқатар сайттарда қылмыстық істің "барысы" туралы жазыла бастады.
"Чиновник kz" каналы Ақтөбеде 4 желтоқсан күні 2005 жылғы қыз 1984 жылғы анасына арызданып полицияға жүгінгенін хабарлады.
"Анасы әкелері бөлек 4 қызды өсіріп отыр. Қыздың сөзінше, шешесі депутат Нимен екі рет тамыз және қазанда жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Ни 5 желтоқсанда Ақтөбе әуежайында ұсталған. 5 желтоқсаннан бастап уақытша ұстау изоляторында. Кінәсін толықтай терістейді" делінген жазбада.
Ratel.kz сайты депутатқа қылмыстық кодекстің 122-бабы (он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау) бойынша айып тағылып отырғанын хабарлады.
Сондай-ақ басылым депутат қызбен бірнеше рет қатынасқа түскенін, алғашқы жыныстық қатынас үшін 1 млн теңге, одан кейінгі қатынастарға 50 мың теңге төлегені, жалға алынған пәтер анықталғаны туралы жазды.
"Депутаттың адвокаты ақша қыздың анасына материалдық көмек есебінде берілгенін айтып жатыр. Полицияға егде жастағы ер адам арендаға алынған пәтерге жас қызбен келгені туралы ақпаратты қырағы тұрғындар берген" делінген ббасылым таратқан ақпаратта.
Ақтөбе облыстық мәслихатының сайтында Аркадий Ни 1961 жылы 25 наурызда Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласында дүниеге келгені, 2006 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ақтөбе қаласындағы "РОКОС" КТ басшысы екені жазылған. Сондай-ақ ол Ақтөбе облыстық мәслихатының 5-6 шақырылымдарының депутаты, Қазақстан кәрістері қауымдастығы кеңесінің Ақтөбе филиалының басқарма мүшесі, "Қазақстан Теннис Федерациясының" АҚБ Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры.
Пікір қалдыру